Accessibility links

Түркістанда директоры парамен ұсталған мектепке жаңа басшы тағайындалды


Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.
Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы, 5 қазан 2016 жыл.

Түркістандағы директоры парамен ұсталған Молда Мұса атындағы жалпы орта мектепке жаңа директор тағайындалды. Бұл туралы Азаттыққа Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбеков айтты.

Бекарыс Шойбековтың айтуынша, мектеп директоры болып Шолпан Ахметова тағайындалған.

- Жалпы конкурсқа 6 адам түсті. Екі адам (оның бірі "шын өкінуіне байланысты" қылмыстық істен шеттетілген директордың орынбасары Ләззат Ахметова – ред.) Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасынан келісім ала алмай конкурстан шығарылды. Қалған төрт адамның бірі Шолпан Ахметова кеше директор болып тағайындалды. Бұрынғы директор мұғалім болып жұмыс істеп жатыр, - дейді Бекарыс Шойбеков.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы 2016 жылдың 19-қыркүйегінде Молда Мұса атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері Света Ысқақова, Жәудір Алтыбай, Айнұр Шериевадан арыз түскенін хабарлаған. Бюро "қыркүйектің 22-сі күні мектеп директоры Гүлнәр Нахипбековаға 80 мың теңге пара берілгені видеомен құжаттандырылғанын" айтқан. Бұл мекеме Нахипбекованың үстінен қылмыстық кодекстің 367-бабы 1-бөлігі ("пара беру") бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалы жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Желтоқсанның 27-сінде Түркістан қалалық соты Гүлнәр Нахипбекованы "алаяқтық жасады" және "пара берді" деген негізгі айыптар бойынша кінәлі деп таныған. Сот Нахипбекованы қылмыстық кодекстің төрт бабында (24-3, 190-3-2, 28-4 және 367-1) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп шешім шығарып, қызметінен аластаған.

XS
SM
MD
LG