Accessibility links

Ақтөбелік шенеуніктің ақша дауына қатысты сот шешімі шықты


Алаяқтық жасау айыбымен сотталған Ботагөз Биекенова (кабинада) сотта тұр. Ақтөбе, 11 сәуір 2017 жыл.
Алаяқтық жасау айыбымен сотталған Ботагөз Биекенова (кабинада) сотта тұр. Ақтөбе, 11 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбе қалалық соты "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен 39 жастағы Ботагөз Биекеноваға үкім шығарды. Судья Алима Әділова Биекеноваға әуелде 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру үкімін кескен болатын. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған амнистияға сай жазаның жартысы қысқартылды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімінің 2-пункті бойынша сотталған ол жазасын жалпы режимді колонияда өтейді, мүлкі тәркіленеді.

Судья Алима Әділова үкім оқып тұр. Ақтөбе, 11 сәуір 2017 жыл
Судья Алима Әділова үкім оқып тұр. Ақтөбе, 11 сәуір 2017 жыл

Бұл қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылғандардың саны бесеу. Соның бірі - Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағамбетов.

Ботагөз Биекенованың көмегімен "20 мың АҚШ долларын беріп, қыздарын Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебіне орналастырмақ болды" деп айыпталған шенеуніктің ісін 2016 жылғы 25 қараша күні Әдеп кеңесі қарап, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл шешімге наразы Алмат Ермағамбетовтің адвокаты Раушан Ізтілеуова "20 мың доллар пара емес, менің қорғауымдағы азаматтың қызын Назарбаев зияткерлік мектебінің ақылы дайындық курсына түсіру үшін берілген өтем" деп санайды.

40 жастағы Алмат Ермағамбетов 2014 жылдың қаңтар айы мен 2016 жылдың қараша айы аралығында Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары болған.​

Сот "Биекенова ісінен" соң қызметінен қуылған шенеуніктің теңгеге шаққандағы 7 183 000 миллион теңгесін сотталушыдан өндіріп беруге үкім етті. Ботагөз Биекеновадан Алмат Ермағамбетов пен өзге де жәбірленушілердің пайдасына жиыны 17 миллион теңгеден астам қаржы өндірілетін болды.

XS
SM
MD
LG