Accessibility links

ЖСДП депутаттар жалақысының өскеніне қарсылығын білдірді


Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы.
Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы.

Қазақстандағы оппозиция деп саналатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) парламент депутаттарының жалақысын көтеруді "бұл билік түрінің моральдық-өнегелік деңгейіне күмәнді бұрынғыдан да күшейте түсетін арсыз әрі жауапсыз акт" деп бағалады. Бұл туралы бүгін ЖСДП-ның ресми сайтында жарияланған партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесінде айтылады.

Тұяқбайдың пікірінше, "қазіргі экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдай кезінде депутаттардың жалақысын кәдімгідей көтеру - отандастарға доқ көрсету" болып саналады.

Бұған дейін Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарының жалақылары 30-50 пайызға өсіп, орташа есеппен 600-700 мың теңгеге жеткен. Кейбір депутаттар жалақыларының көбейгеніне разылығын білдіріп, "жалақымызды өсіруге лайықты қызмет етіп жатырмыз" деген пікір айтқан. Дегенмен, әлеуметтік желілерде бұған біршама қарсылық білдірілген.

ЖСДП жетекшісі депутаттар жалақысының өскеніне қарсы мәлімдемесінде "Қазақстан кедейлік пен жоқшылық жайлап, ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 мың теңгеге әрең жетіп, ал шынайы орташа жалақы 100 мыңнан сәл асатын тұста депутаттардың айлығы бұл көрсеткіштерден тиісінше 40 және 10 есеге асып түседі" деген.

XS
SM
MD
LG