"Иегова куәгерлерінің христиан қауымы" діни бірлестігінің 60 жастағы жақтаушысы Теймур Ахмедовтің ісі бойынша сот процесі бүгін айыптау тарапының басты куәгерінен жауап алуға көшті. Ахмедовке "дінаралық алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған. Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Талғат Сырлыбаев Азаттық тілшісіне сот куәгерден жауапты жабық түрде алатынын айтты. Сотқа Азаттықтан басқа БАҚ өкілі қатысып жатқан жоқ. Судья айыптаушы жақтың басты куәгері "жеке басының қауіпсіздігіне алаңдайтындықтан" сот залында айыпталушының үш адвокаты мен мемлекеттік айыптаушыны ғана қалдырып, сотталушыны залдан шығаруға пәрмен берді. Адвокаттардың сөзіне қарағанда, Теймур Ахмедовтің 20 жастағы төрт студентпен діни тақырыптағы әңгімесі видеоға жасырын түрде жазып алынған кездесуді осы куәгер ұйымдастырған.
Сотта Ахмедовтың мүддесін үш адвокат - Ресейден Виталий Кузнецов, Қазақстаннан Наталья Кононенко және Еуропадан Шейн Брейги қорғап жатыр.
Наурыз айында Кононенко мен Кузнецов Қазақстан президентінің әкімшілігіне шағымданғандықтан Астана полициясы оларға қарсы "сотқа дейінгі өндіріс мәліметтерін жариялау" бабы бойынша соталды тергеу бастаған. Адвокаттардың Азаттыққа айтуынша, оларды бұл іс бойынша полицияға тергеуге шақырған. Адвокаттар бұл қылмыстық істі қорғаушыларға қысым көрсету әдісі деп бағалайды.
ҰҚК департаментінің тергеушісі Медет Досқазиев жүргізген тергеу ұйғарымы бойынша, Теймур Ахмедов пәтерде "конфессияаралық және ұлтаралық келісімді бұзатын" уағыз айтып, православие мен исламды сынаған. Адвокат Виталий Кузнецовтің сөзінше, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге сай қандай да бір дінді сынау қылмыстық тұрғыдан қудаланбауы тиіс.