Accessibility links

Сот OCC-ның бұрынғы жұмысшыларының кәсіподаққа шағымын қарай бастады


Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Мұхит Мұқашев. 13 сәуір 2017 жыл

Ақтауда сот Oil Construction Company (OCC) компаниясының жұмыстан шығарылған бір топ жұмысшысының компания жұмысшылары кәсіподағының үстінен түсірген шағымын қарай бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Сот Ақтау қалалық №2 сотында өтіп жатыр.

Маңғыстау облысындағы ОСС мұнайшыларының Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп биыл қаңтарда өткізген наразылық акциясынан кейін кәсіподақ төрағасы Әмин |Елеусінов қамауға алынып, кәсіподақ кеңсесінде тінту жүргізілген. Наурыз айында Мақсот Таспаев, Құспан Қосшығұлов, ағайынды Мақат және Мақсат Жайлаубаевтар жұмыстан босатылған. Оған дейін жұмыс беруші Жамбыл Бегешев, Құсайын Жылқышиев, Мейрамбек Қуантаев және Қайрат Ерекешевтермен еңбек шартын үзген.

Елеусінов кезіндегі кәсіподақтың басқарма мүшелері - жұмыстан шығарылған мұнайшылар кәсіподақ жарғысына сүйеніп, 1 наурызда басқарма мүшесі Құспан Қосшағұловты төраға міндетін уақытша атқарушы етіп сайлаған. Алайда, наурыздың 2-сі күні жұмыс орнына барғанда Қосшығұловты компания әкімшілігі кәсіподақ төрағасы етіп Қаламқас кенішіндегі құрылыс құрастыру қызметінің жетекшісі Берік Бекбаевтың сайланғаны туралы хабардар еткен. Бұдан соң басқарма мүшелері 9 наурызда Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне (ІІД) кәсіподақтың тәркіленген құжаттарын сұрап барған. Бірақ ІІД оларға "кәсіподақта 7 наурыз күні басқа конференция болып, басқа төраға сайланғанын", құжаттарды соған бергенін айтқан.

Бұған наразы басқарма мүшелері "кәсіподақтың басқа төрағасын сайлау туралы 7 наурызда өткен конференциясы шешімін" заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа арызданған.

Бүгінгі сотқа жауапкер ретінде кәсіподақ атынан компания заңгері Нұржан Оразов, талапкер жақтан Құспан Қосшығұлов, Құсайын Жылқышиев және олардың заңгер Тахир Ерданов қатысып жатыр.

Тахир Ерданов конференцияда жұмысшылар бір жерге жиналатынын, кворум болып, делегаттар сайланатынын, мәселе талданып, дауыс беру болатыны айтып жауапкерден өздері айтқан конференцияның қалай өткенін сұрады. Нұржан Оразов қол қою арқылы кворум жинағандарын айтты. Бұдан соң Ерданов "кәсіподақ конференциясының заңсыздығын" дәлелдейтін құжаттарын әкелуге уақыт сұраған. Бірақ судья Мұхит Мұқашев Ердановқа рұқсат бермей, сот одан ары жалғасатынын айтты.

OCC компаниясының бұрынғы жұмысшыларының адвокаты Тахир Ерданов сотта сөйлеп тұр. Ақтау, 13 сәуір 2017 жыл.
OCC компаниясының бұрынғы жұмысшыларының адвокаты Тахир Ерданов сотта сөйлеп тұр. Ақтау, 13 сәуір 2017 жыл.

Сотта Нұржан Оразов жұмыстан шығарылған жұмысшылардың барлығы автоматты түрде кәсіподақтан да шығарылатынын айтты. Бірақ бұрынғы жұмысшылар кәсіподаққа осы күнге дейін жарна төлеп келе жатқанын, жұмыстан шығарып жіберсе де кәсіподақ құрамында қала беретінін, себебі заң бойынша кәсіподақ компаниядан бөлек заңды тұлға екенін айтты.

Сот кезінде судья Мұқашев Азаттық тілшісіне суретке түсіруге және аудио жазба алуға рұқсат берген. Бірақ компания заңгері Нұржан Оразов өзін суретке түсіруге қарсы болды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG