Accessibility links

"Новая газета": Шешенстан басшылығы доңайбат көрсетіп отыр


"Новая газетаның" Мәскеудегі редакциясы.
"Новая газетаның" Мәскеудегі редакциясы.

Ресейлік "Новая газета" басылымының редакциясы Шешенстан басшылығын осы республикадағы жыныстық азшылық өкілдерінің қудаланып жатқаны туралы материал жариялағанына байланысты қорқытып, доқ көрсетіп жатыр деп айыптады. Бұл туралы редакцияның арнайы мәлімдемесінде айтылады.

"Новая газета" 3 сәуірде Грозныйдың орталық мешітінде Шешенстандағы дінбасылар мен қоғамдық пікір жетекшілерінің шұғыл жиыны өткенін хабарлайды. Ресми мәлімет бойынша, жиынға 15 мың адам қатысқан. Басылымның мәліметінше, бұл жиында Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың кеңесшісі Адам Шахидов "Новая газета" редакциясын "жала жапты" деп айыптап, басылым қызметкерлерін "дініміздің және отанымыздың жаулары" деп атаған.

"Новая газета" бұл жиын қорытындысы бойынша қарар қабылданғанын, оның бір бөлімінде басылым журналистеріне зорлық-зомбылық танытуға ашық шақыратынын жазады.

"Шешен қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан ұстындары мен шешен ерлерінің абыройына және сенімімізге тіл тигізуіне байланысты шынайы арандатушыларды олардың кім және қайда екеніне қарамастан ерте ме, кеш пе, жазалауға уәде береміз" делінген қарарда.

"Новая газета" Шешенстандағы зорлық-зомбылық деңгейі соңғы үш жылда күрт өскенін және мұның оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың өлімін толыққанды тергемеумен тікелей байланысты дейді.

1 сәуірде "Новая газета" Шешенстанда гей және гомосексуалист деген күдікке ілінген тұрғындарды жаппай ұстап, азаптау науқаны басталғанын хабарлаған. Редакция қаза тапқан үш адамның аты-жөні белгілі екенін және құрбандар саны бұдан да көп екенін айтады.

Шешенстан билігі бұл айыптауды жоққа шығарған. АҚШ пен Еуропа Одағы бұл ақпаратқа алаңдаушылық танытып, Ресейді бұл ақпаратты тексеруге шақырған. "Абырой, ар-намыс үшін өлтіру" деп аталатын сотсыз жазалау құрбандардың туыстарын да айналып өтпейді" деп жазады "Новая газета".

XS
SM
MD
LG