Accessibility links

Санкт-Петербургте "Сирияға адам тартқан" күдікті екі айға қамалған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласының соты Сирияға исламшыл содырлар қатарында соғысуға адам тартқан деген күдікпен ұсталған Обид Абдыраимовты маусымның 13-іне дейін қамауға санкция берді деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

"Фонтанка" басылымының жазуынша, Қырғызстан тумасы Обид Абдыраимов сәуірдің 14-і күні ұсталған. Сол күні ресейлік құқық органдары Айжігіт Айтматовты да ұстаған. Ол Ресейде қызметіне тыйым салынған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына адам тарту ісі бойынша ұсталған тоғызыншы күдікті болып отыр.

Бұған дейін Санкт-Петербург қаласында сәуірдің 6-сы күні Орталық Азия елдерінен барған сегіз адамның ұсталғаны туралы хабарланған. Оларды еңбек мигранттарын террорлық іс-әрекетке қатысуға тартқан деген күдікпен ұстаған.

Тергеу орындары бұл ұсталған адамдардың сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербург метросында теракт жасап, өзін-өзі жарып жіберген деп саналатын Акбаржон Жалиловпен байланысы барына айғақ-дәлел таппаған. Метродағы теракт салдарынан 15 адам қаза болып, 50-ден астам адам зардап шеккен. Қаза тапқандардың бірі - Санкт-Петербург мемлекеттік экономика университетінде оқып жүрген алматылық Максим Арышев еді.

XS
SM
MD
LG