Accessibility links

Солтүстік Кореяның зымыран сынағы сәтсіз болды


Ким Ир Сеннің туғанына 105 жыл толуына арналған әскери парадта көрсетілген жаңа баллистикалық зымыран үлгілері. Пхеньян, 15 сәуір 2017 жыл.
Ким Ир Сеннің туғанына 105 жыл толуына арналған әскери парадта көрсетілген жаңа баллистикалық зымыран үлгілері. Пхеньян, 15 сәуір 2017 жыл.

Солтүстік Кореяның бүгін таңертең зымыран ұшырмақ болған әрекеті сәтсіз аяқталғаны туралы ақпарат тарады. Хабарларға қарағанда, зымыран ұшар алдында жарылып кеткен. Оның қандай зымыран екендігі, ұшыру мақсаты мен апаттың себебі туралы әзірше ешқандай мәлімет жоқ.

Бұған дейін Солтүстік Корея билігі халықаралық қауымдастықтың әскери мақсаттағы зымыран технологиясын дамытуды доғару туралы талабы мен қысымына қарамастан зымыран сынақтарын өткізуді жалғастыра беретіні туралы бірнеше рет мәлімдеген.

Сенбі күні Пхеньянда Солтүстік Корея мемлекетінің негізін қалаушы әрі елді басқаруды өз ұрпағына қалдырған Ким Ир Сеннің туғанына 105 жыл толуына арналған әскери парадта жаңа баллистикалық зымыран үлгілері көрсетілген. Парад кезінде Корей Халық армиясы вице-маршалы Чхве Рён Хе егер АҚШ ядролық қарумен соққы беретін болса Солтүстік Корея тура сондай жауап қайтарады деп мәлімдеген.

Сәуірдің 15-і күні АҚШ вице-президенті Майк Пенс Азия елдеріне 10 күндік сапарын бастаған. Бұл сапардың мақсаты – АҚШ-тың қазіргідей күрделі ахуал қалыптасып отырған аймақтағы одақтастарын қорғауға әзір екендігін паш ету.

XS
SM
MD
LG