Accessibility links

Ресейде Орталық Азиядан барған 10 адам "терроризм" күдігімен тұтқындалған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласының соты «террорлық іс-әрекетке жәрдемдескен» деген күдікпен ұсталған Орталық Азиядан барған 10 адамды маусымның 4-іне дейін қамауда ұстауға санкция берген деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Санкт-Петербург қаласы Октябрь аудандық сотының сайтындағы ақпаратта Қырғызстан азаматтары Баходир Бахрамович Мадрахимов, Шухрат Кудратилаевич Сатымбаев, Атабек Сайипжанович Рустамов, Азизбек Рустамов, Исламбек Ойбек уулу және Искандер Ырысбекович Нурбаевтың тұтқындалғаны айтылған. Бұлардан бөлек сот шешімімен Өзбекстан азаматтары Феруз Сирожидданович Инаков пен Журабек Уктамович Муратов қамауға алынған.

Бұған дейін Фонтанка сайты аталған соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, әлгіндей айып тағылған Қырғызстанның Ош қаласының тумасы 39 жастағы Обид Абдыраимов пен Қырғызстанның Баткен облысындағы Қызылқия ауылының тумасы Айжігіт Айтматовтың да тұтқынға алынғаны туралы хабарлаған. Басылым ақпаратында Айжігіт Айтматов Қырғызстан азаматы деп көрсетілген. Сот оны да маусымның 4-іне дейін қамауда ұстауға санкция берген. Судья Ирина Керро күдікті Обид Абдыраимовты маусымның 13-іне дейін тұтқындау туралы шешім шығарған.

Сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербург метросында теракт салдарынан 15 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған. Ресей тергеу комитеті метрода Қырғызстандағы Ош қаласының тумасы, Ресей азаматы Акбаржон Жалилов өзін өзі жарып жіберген деп мәлімдеген. Кейін метродағы жарылысқа қатысы бар деген күдікпен сегіз адамның ұсталғаны туралы хабарланып, олардың аты-жөні де жарияланған: Сейфулла Хакимов, Ибрагибжон Ерматов, Дилмурод Муидинов, Бахрам Ергашев, Азамжон Махмудов, Махамадюсуф Мирзаалимов, Шохиста Каримова және Содик Ортиков.

XS
SM
MD
LG