Қазақстанның төрт облысында су деңгейінің көтерілуіне байланысты кей жолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді деп хабарлайды «Қазақпарат». «Казавтожол» кәсіпорнының мәліметі бойынша, бүгін таңертеңнен бастап Ақмола облысы арқылы өтетін Екатеринбург-Алматы тасжолының 915-1006 шақырымындағы Жақсы мен Атбасар аралығында (964-шақырымын су шайған) жол жабылған.
Қарағанды облысы аумағындағы Ақшатау-Ағадыр автожолының 90-195 шақырымы (166-шақырымда 750 метр жолды су шайған) аралығында қозғалыс шектелген. Қарағанды-Аягөз-Боғас автожолының 17-217 шақырымындағы (43,141, 169, 174, 178-шақырымдарды су шайған) Қарағандыдан Қарқаралыға дейін жол жабық тұр. Бұған қоса Бастау-Ақтау-Теміртау жолының 1-12 шақырымындағы Бастаудан Ақтау кентіне дейінгі жол учаскесінде көлік қозғалысына тыйым салынған.
Шығыс Қазақстан облысында Семей-Қайнар жолының 8-166 шақырымында (27-шақырымды су шайған) қозғалыс шектелген.
Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты Самара-Шымкент автожолының 2217-2235 шақырымы аралығында көлік қозғалысына шектеу қойылған. Арыс өзені арқылы өтетін жағалау мен көпір тіректерін су шайып кеткен.