Accessibility links

Түркияда сайлау учаскесіндегі атыс салдарынан екі адам өлген


Түркиядағы референдумде сайлаушылар дауыс беретін "иә" және "жоқ" деген жазулар бар қағаздар. 16 сәуір 2017 жыл.

Түркияның Диярбакыр провинциясындағы Чермик қаласынан 30 шақырым жердегі Ябанарды ауылындағы мектепте орналасқан сайлау учаскесінде екі топ арасында шыққан жанжал кезінде атыс қаруы қолданылған деп хабарлады CNN Turk телеарнасы. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан екі адам қаза тауып, бір адам жараланған.

Басылым оқиғаға не себеп болғаны туралы айтпаған, бірақ атыс болар алдында бірнеше жергілікті тұрғын арасында жанжал шыққаны жайлы хабарлаған. Жанжалды басу үшін ауылға әскери патруль жіберілген.

Түркияда бүгін ел конституциясына өзгертулер енгізуге қатысты референдум өтіп жатыр. Егер дауыс беруге қатысқан ел азаматтарының 50 пайыздан астамы негізгі заңға өзгертулер енгізуді қолдау білдірсе, парламент өкілеттіктерінің көбі президентке беріледі. Президент парламенттің келісімінсіз министрлерді өзі тағайындап, заң күші бар жарлықтар шығарады, елде төтенше жағдай жариялайды, сонымен бірге саяси партия мүшесі болып, оның ұстаным, көзқарасын қорғайтын болады.

Референдумге дауыс беруге Түркиядағылармен бірге шетелде, соның ішінде әуелгі кезекте Еуропада тұратын түрік азаматтары – барлығы 55 миллионға жуық адам қатыса алады. Түркияда 167 мыңнан астам сайлау учаскелері ашылған. Бұл жолғы референдум Түркияда республика негізі қаланған 1923 жылдан бері елдің саяси өмірі мен басқару жүйесіне аса маңызды өзгерістер әкелуі мүмкін. Сонымен бірге бұл өзгерістер қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның авторитарлық режимін нығайтуға әкеледі деп санайтындар да көп.

AzattyqTV

АҚШ-ты көру арманы

Ағылшын тілін 72 жаста оқу

XS
SM
MD
LG