Тәжікстанда бүлікшіл генерал, 2015 жылы күзде қарулы бүлік әрекетінен кейін жүргізілген арнайы операцияда көзі жойылған Абдухалим Назарзоданың туыстары билік үйлерін босатуды талап етіп жатқанын мәлімдеді. Назарзоданың қызы Файзигүл Назарованың айтуынша, өткен аптада Душанбедегі Ахмад Дониш атындағы көшеде орналасқан үйлеріне құзырлы орган өкілдері мүліктерін тәркілеу туралы ордермен келген.
Назарова биліктің тұрып жатқан үйлерін барынша тез арада босатуды сұрап, талап орындалмаса сот шешімін орындау үшін өздерін үйлерінен күшпен шығаратынын ескерткенін айтты. Назарованың сөзінше, үйде үш отбасы тұрады. Олардың арасында Абдухалим Назарзоданың ұлы, 28 жастағы Бахтиер Назарзоданың әйелі мен балалары да бар. Бахтиер Назарзода елдің конституциялық құрылымын өзгертуге және жаппай тәртіпсіздіктерге жария түрде шақырды деп айыпталып, 22 жылға сотталған.
Ходжа Халим деген атпен белгілі Абдухалим Назарзода елдегі азамат соғысы кезінде бұрынғы оппозиция командирлерінің бірі болған. Ол бейбітшілік туралы келісім жасасқан соң үкімет құрамына еніп, ұзамай қорғаныс министрінің орынбасары болған. Билік оны 2015 жылы 4 қыркүйекте болған қарулы бүлікке жауапты деп санайды. Ол Душанбе түбіндегі шатқалда болған арнайы операция кезінде бірнеше серігімен бірге көзі жойылған. Билік генералдың мүлкі тәркіленуі тиіс дейді.