Accessibility links

Астана Алеппо түбіндегі жарылысты айыптады


Алеппо түбіндегі жарылыстан бүлінген автобустар. Сирия, 15 сәуір 2017 жыл.
Алеппо түбіндегі жарылыстан бүлінген автобустар. Сирия, 15 сәуір 2017 жыл.

Қазақстан Сирияның Алеппо қаласының маңында 15 сәуірде болған, 100-ден астам адам қаза тапқан терактіні қатаң айыптады

Қазақстан сыртқы істер министрлігі терактіні айыптаған мәлімдемесінде Сирия халқына, құрбандардың отбасылары мен туыстарына қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің барлығына тезірек сауығып кетуді тілеген. "Кінәсіз азаматтарды, ең алдымен балаларды өлтіру террористердің рақымсыздығын дәлелдейді және ол зығырданды қайнатады. Қазақстан терроризмнің кез-келген көрінісімен ымырасыз күресті қолдайтынын тағы да білдіреді және бұл бағыттағы халықаралық күш-жігерді үйлестіруге шақырады" делінген мәлімдемеде.

Сәуірдің 15-і күні Сирияның солтүстігіндегі Алеппо қаласының түбінде шииттер тұратын Әл-Фуа және Кефрая аудандарынан бейбіт тұрғындарды әкетіп бара жатқан автобустар колоннасының қасында жарылыс жасалған. Сирия үкіметі шабуыл жасаған терроршы автокөліктегі бомбаны іске қосып, өзін өзі жарып жіберген дейді. Сириядағы террорлық ұйымдардың ешқайсысы әзірше бұл жарылысқа жауапкершілікті алған жоқ. Автобустар үкімет пен қарулы оппозиция арасында жасалған эвакуация келісімі бойынша бейбіт тұрғындарды алып бара жатқан.

XS
SM
MD
LG