Accessibility links

ОҚО: "Аса ірі мөлшерде есірткі сатқандар" ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысында "аса ірі мөлшерде есірткі сатқан" екі адам ұсталды деп хабарлады облыстық ішкі істер департаменті (ІІД).

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі бизнесімен күрес басқармасы Шымкент - Ташкент жолының бойында Қазығұрт ауданының 1969 және 1970 жылы туған тұрғындарын "есірткі сатып тұрған кезінде" ұстаған.

"Автокөлік салонын тінту кезінде күдіктілерден 7 пластмасс ыдыстағы героинге ұқсас есірткі заты тәркіленді. Сот-криминалды сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 7,5 кг құрайтын есірткілік героин заты екені белгілі болды" делінген хабарламада.

Аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы ("есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Полицейлер есірткі затының облысқа қандай жолмен келгенін анықтау үшін жедел шаралар жүргізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG