Accessibility links

ІІМ: Жеті облыста 2 мыңға тарта үйді су басқан


Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.
Көктемгі тасқын су басқан тұрғын үйлер. Ақтөбе, 16 сәуір 2017 жыл.

Қазақстанның жеті облысында соңғы күндері 2 мыңға тарта үйді су басты деп хабарлады бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Астанада өткен үкімет сағатында Қасымов Қазақстандағы соңғы күндердегі су тасқыны мен оның зардаптарын жою шаралары туралы баяндады. Министрдің сөзінше, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында ондаған елді мекенде 1949 үйді су басқан. 120 жол бөліктерін су басып, оның 63-і қайта қалпына келтірілген. Тағы 50 елді мекенді су басу қаупі туындап отыр.

Қасымовтың айтуына қарағанда, қазір Атбасар қаласындағы жағдай өте қиын. Мұнда Жабай өзенінде су деңгейі көтеріліп, өткен жылы 200 миллион теңгеге салынған бөгетті су бұзып кеткен. 263 үй су астында қалып, 130-дан астам үйді су басу қаупі туып тұр.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің айтуына қарағанда, облыстағы 26 елді мекенде 893 үйді су басып, 2418 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

XS
SM
MD
LG