Accessibility links

Сапарбаев: Әуелі тасқын шығынының мөлшері мен үйлердің заңдылығы анықталады


Ақтөбенің шеткері Махамбет кентіндегі тасқын су басып, қабырғасы құлаған үй. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.
Ақтөбенің шеткері Махамбет кентіндегі тасқын су басып, қабырғасы құлаған үй. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін Ақтөбенің шетіндегі су басқан Махамбет кентіне барып, тұрғындармен кездесті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Үйлерін су басқан тұрғындармен кездескен Сапарбаев қала әкімі құрған арнайы комиссия суға кеткен әр үйді жеке барып тексеретінін, ең бірінші үйдің қай жері құлағанын, қандай шығын болғанын және үйдің қаншалықты заңды салынғанын анықтайтынын айтты.

- Ол үйдің заңдылығы анықталады. Ол үйдің құжаты бар ма, жоқ па, кімдер тұрады, қалай тұрады деген сияқты. Содан кейін барып шешім қабылданып, комиссия бізге ұсыныс жасайды. Тәртіп бойынша ең бірінші заңдастырылған үйлерге көмектесеміз. Тұрмысы нашар, көп балалы, жарымжан кісісі бар отбасыларға бірінші кезекте көмек көрсетіледі, - деді Сапарбаев.

Әкімнің сөзінше, егер үйлерінің бір жері құлап, бүлінген болса, тұрғындарға құрылыс материалдарымен, басқадай түрде көмек көрсетіледі.

- Егер малы шығын болса, оны қарайды. Бірақ ол малдың да құжаты болу керек. Құжаты болмаса ешкім сенбейді, - деді облыс әкімі.

Әкім заңдастырылмаған үйлерге қатысты мәселеде бұл елді мекенде негізінен тұрмысы нашар адамдар тұратынын, егер ол кісілердің жағдайлары қиын болса оларға да материалдық көмек көрсетілетінін айтты. Дегенмен, әкім су басқан үйлердің негізінен рұқсат етілмеген жерде, су қорғау аймағында салынғанын меңзеді.

Махамбет - Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты сияқты үлкен зауыттар орналасқан өндірістік аумаққа жақын, шеткері кент. Бұл елді мекенді елек өзені тасығанда 16 сәуір күні су басып қалған. Тұрғындардың айтуынша, тасқынның алғашқы күні Махамбеттің көшелерінде қайықпен жүру ғана мүмкін болған. Бүгін судың қайта бастағаны байқалады. Соның өзінде Махамбеттің көшелерінде резеңке етіксіз жүру мүлдем мүмкін емес. Тұрғын үйлердің түгелге жуығы қаңырап бос тұр. Саман кірпіштен салынған үйлер құлаған. Қабырғалары сыз тартып, құлағалы түрған үйлерге жақындау қауіпті.

XS
SM
MD
LG