Accessibility links

Талегани: Антисемитизм Иранның беделіне нұқсан келтіреді


Азам Талегани (ортада), Иран президенті сайлауына түсуден үміткер.
Азам Талегани (ортада), Иран президенті сайлауына түсуден үміткер.

Иран президенттігіне кандидат болудан үмітті әйел Азам Талегани кейбір ирандық саясаткерлердің антисемиттік пікірлерін "Иранның беделіне нұқсан келтіреді" деп сынады. "Біз сионистік (израиль) үкімет пен еврейлердің атына айтылған кемсітулердің ара жігін ашып алуымыз керек" деп мәлімдеді Талегани 18 сәуірде. Талегани - 19 мамырда өтетін президент сайлауына түсуге өтініш білдірген 137 әйелдің арасындағы ең танымалы.

Тегеранда сөйлеген 72 жастағы Азам Талегани Холокосты жоққа шығарудың білімсіздіктен туғанын мәлімдеді. "Освенцимдегі концентрациялық лагерге өзім бардым, сол кездерде қандай қылмыс пен гуманитарлық қасірет болғанын түйсіндім" деді саяси реформалардың жақтасы Талегани. Оны бұған дейін ықпалды консерватор діни қайраткерлерден құралған Қадағалау кеңесі екі рет президент сайлауына жібермей қойған еді. Қадағалау кеңесі басқа әйелдер сияқты Талеганиді тағы да сайлауға жібермейді деген болжам бар.

Талегани Ислам революциясы әйелдерінің қоғамының бас хатшысы. 1980 жылы ол парламентке сайланған. "Әйелдер Иран халқының 50 пайызын құрайды. Сондықтан елде кем дегенде бір әйел кандидат болуы керек" деді Талегани. Ол кезекті рет сайлауға жіберілмесе де сағы сынбайтынын және әйелдердің құқығы жолындағы күресін жалғастыра беретінін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG