Accessibility links

Иесіз лашықта тұратын шымкенттік әйелге әкімдік назар аударды


Тамар Сейсенованың келіні Айман Акмаш балаларымен бірге елсіздегі шағын үйдің ауласында жүр. Шымкент, 30 наурыз 2017 жыл.

Шымкенттегі Дендросаябақ маңында елсіздегі иен үйге екі немересі және аяғы ауыр келінімен кіріп алған екінші топ мүгедегі, туберкулездің ашық түрімен ауыратын Тамара Сейсенованың отбасына көмек беріліп жатқаны хабарланды. Бұл туралы 19 сәуірде Азаттыққа қала әкімдігі айтты.

Әкімдіктің арнайы жиынында Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Ботакөз Сейітова баспанасыз Тамара Сейсенованың отбасының жағдайын Азаттық арқылы білгенін мәлімдеді.

- Азаттық жазған мақалада бірнеше мәселе көтерілген. Бұл отбасының қазіргі жағдайы өте аянышты, - деді ол.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Қуанышбеков Тамара Сейсенованың отбасын "аз қамтылған отбасы" деп танып, сәуір айында бір реттік көмек ретінде 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 22 690 теңге көмек берілгенін хабарлады. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Абдінұров Тамара Сейсенованың мемлекеттен берілетін тегін үй кезегіне 10479 нөмірмен тіркелгенін, заң аясында тұрғын үй алатынын айтты. Ал қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Омархан Тамара Сейсенованың Мақтарал ауданынан 2007 жылы 24 сотық жер алғанын, ендігі кезде мемлекеттен тегін жер телімін алуға құқы жоқтығынан жер кезегіне тұру туралы өтініші кері қайтарылғанын мәлімдеді.

- Қазір Тамара Сейсенова тұрып жатқан үй әл-Фараби ауданының аумағында орналасқан. Аудандық әкімдік бұл отбасын көшіру үшін демеушілер іздеп жатыр, - деді ішкі саясат бөлімінің өкілі Ботакөз Сейітова.

Азаттық 5 сәуірде Тамара Сейсенованың қиын тұрмыстық жағдайы туралы репортаж жариялаған еді. Тілшінің сипаттауынша, бес адам ешқандай инфрақұрылым нышаны жоқ тоғыз шаршы метрлік үйшікте тұрып жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG