Accessibility links

Алматылық режиссердің спектаклі Ресейде "Золотая маска" сыйлығын алды


Режиссер әрі актриса Галина Пьянова "Ұят" спектаклінің даярлығында ойнап тұр. Алматы, 8 қыркүйек 2016 жыл.

Алматылық режиссер Галина Пьянованың Новосибирскінің "Старый дом" театрында қойған "Снегурочка" спектаклі Ресей театр қайраткерлері одағының "Золотая маска - 2017" сыйлығына ие болды. Сыйлықты табыстау салтанаты 19 сәуірде Мәскеудің Станиславский және Немирович-Данченко атындағы музыкалық театрында өтті. Сыйлық 1993 жылы тағайындалған.

"Снегурочка" спектаклі "Золотая маска" сыйлығын бұл сыйлықтың өз алдына дербес алты конкурсының бірі - "Эксперимент" конкурсында жеңіп алды. Спектакль сыйлыққа заманауи театрдың жаңа бейнелік құралдарын іздеудегі талпынысы үшін лайықты деп танылған. Биылғы конкурсқа жеті үміткер - Новосибирск театрынан өзге Мәскеудің бір театры мен Санкт-Петербургтің бес театры қатысқан.

Александр Островский пьесасының желісі бойынша қойылған "Снегурочка" фантастикалық операсының премьерасы "Старый дом" театрында 2016 жылдың сәуірінде қойылған. Галина Пьянова бұл театрда екі кезең жұмыс істеген. Спектакльді дайындауға Алматыдан қоюшы суретші Антон Болкунов (АРТиШОК театры) та қатысқан. Бұл спектакльдегі жұмысы үшін "Золотая маска" сыйлығын сонымен қатар "Суретшінің музыкалық театрдағы костюмдер бойынша жұмысы үшін" Елена Турчанинова (Красноярск) да алды. Петербургтік спектакль композиторы Александр Маноцков та "Музыкалық театрдағы композиторлық жұмысы үшін" сыйлыққа ие болды.

Галина Пьянова - Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің түлегі, актриса, режиссер, Алматыдағы АРТиШОК тәуелсіз тәжірибелік театрын құрушылардың бірі әрі осы театрдың көркемдік жетекшісі. Театрдың қазіргі репертуарында ол режиссері болған "Пушкин stand up", "#ПРЯМОПОТОЛЕБИ", "Ұят", "Норд Ост", "Концерт №2" және "Новые времена" қойылымдары бар.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG