Париждің Елисей алаңындағы бульварда болған қарулы шабуылдан бір полиция қызметкері қаза тауып, екеуі жараланды. Билік қазір 20 сәуір күні түнге қарай жасалған шабуылдың теракт, я теракт емесін анықтап жатыр. Франция президенті Франсуа Олланд оқиғаға байланысты шұғыл жиын өткізді. Ішкі істер министрлігінің өкілі Пьер-Анри Бранденің хабарлауынша, полициямен атыста шабуылдаған адамның көзі жойылған. Ол көлігін полицияның көлігінің алдына қарама-қарсы қойып, оқ атқан.
Шабуылдың жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алды.
Билік шабуылға күдіктінің полицияға біраздан бері белгілі болғанын, оның Париждің шығысындағы пәтерінде тінту жүргізіліп жатқанын айтады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда Италия премьер-министрі Паоло Жентильонимен өткізген баспасөз конференциясында Париждегі шабуылды терроризмге ұқсататынын мәлімдеді.
Францияда 2015 жылдың соңында болған шабуылдардан кейін елде төтенше жағдай режимі жарияланған. Елисей алаңындағы шабуыл президенттікке кандидаттардың электоратқа соңғы рет үндеу жасайтын күні болып отыр. Елде президент сайлауы 23 сәуірде өтеді.