Accessibility links

Ауғанстандағы шабуылда қаза тапқандар саны 140 адамға жетті


Ауғанстан армиясының сарбаздары. Балх уәлаяты, 22 сәуір 2017 жыл.
Ауғанстан армиясының сарбаздары. Балх уәлаяты, 22 сәуір 2017 жыл.

Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласындағы әскери базаға «Талибан» содырлары жасаған шабуыл салдарынан қаза тапқан үкімет сарбаздарының саны 140 адамға жеткен. Бұл Ауғанстанда әскери базаға шабуыл барысында ең көп адам өлген оқиға болып отыр.

Ресми мәлімет бойынша, үкімет әскерилері сияқты киінген оншақты адам әскери база аумағына «ауруханаға жаралы сарбаздарды апарамыз» деп алдап кірген.

Жергілікті билік өкілінің хабарлауынша, шабуыл салдарынан кемінде 140 адам өлген, көп адам жараланған. Кей шенеуніктер құрбан болғандар саны әлі де көбеюі мүмкін деген болжам айтады деп хабарлайды Reuters.

Ауғанстан қарулы күштері өкілінің айтуынша, әскери база аумағында орналасқан мешіттен сарбаздар жұма намазынан шығып жатқан кезде қарулы шабуылға тап болған. Сонымен бірге содырлар асханадағы әскерилерге де оқ жаудырған. «Талибан» содырлары әскери базаның сыртқы қоршауын бұзу үшін олар бомба тағынған жанкештілерді пайдаланғаны туралы мәлімдеген.

Жұмадағы шабуыл күні бойы жалғасқан, әскерилер құрбан болғандар саны көбейеді деп санайды. «Талибан» содырларынан кемінде он адам оққа ұшқан деп хабарлайды ВВС.

XS
SM
MD
LG