Accessibility links

Mossack Fonseca құрылтайшылары миллион долларға бостандыққа шықты


Панамадағы Mossack Fonseca фирмасының кеңсесі орналасқан ғимарат. (Көрнекі сурет.)
Панамадағы Mossack Fonseca фирмасының кеңсесі орналасқан ғимарат. (Көрнекі сурет.)

«Панама құжаттары» деген атышулы құжаттармен танымал болған панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының негізін қалаушы, Германия азаматы Юрген Моссак пен Панама азаматы Рамон Фонсека жұма, сәуірдің 21-і күні жалпы сомасы бір миллион доллар қаржыға кепілге босатылды. Бұл туралы қаулыны Панама соты шығарған деп хабарлайды Reuters агенттігі. Есімдері аталған екі азаматтың адвокаты Гильермина Макдональдтың сөзінше, сот күдікті екеудің тергеу орындарына жәрдемдесу туралы шешімін ескерген. Аталған компанияға жұмыс істеген тағы бір адвокат Эдисон Теано қамауда қалатын болды.

Моссак пен Фонсека ақпанның 11-і күні күмәнді ақшаны заңдастырмақ болған, алаяқтық және көптеген миллиард доллар пара беруге қатысы бар деген айыппен ұсталған. Фирманың тең құрылтайшылары оффшорлық шоттар ашып, солар арқылы бразилиялық Odebrecht инженерлік компаниясы мемлекеттік шенеуніктер мен саяси партияларға 800 миллион долларға жуық қаржы аударғаны мәлім болып отыр.

Жылға жуық уақытқа созылған тексеру жүргізіп, нәтижесінде заң фирмасын құрушыларды тұтқындау туралы істі Бразилия, Перу, Эквадор, Колумбия, АҚШ пен Швейцария тергеушілері жүргізген.

Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) ұйымы және коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) 2016 жылғы мамыр айында оффшорлық шоттар иелері мен олармен байланысы барлар туралы деректерді интернетте жария еткен. Онда 72 әртүрлі елдің бұрынғы және қазіргі басшылары мен көптеген танымал компаниялар мен адамдар туралы жасырын боп келген деректер әшкере болған. Мысалы, онда Египетте Ғұсни Мүбәрак, Ливияда Муаммар Каддафи, Сирияда Башар Асад және Ресейде Владимир Путин мен олардың жақтастарына қатысты жасырын боп келген оффшорлық компаниялар жайлы деректер жарияланған.

XS
SM
MD
LG