Accessibility links

Астанада Назарбаевтан белсенділерді босатуды талап етіп хат тапсырды


Азаматтық белсенділер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың атына саяси тұтқындарды босатуды талап ететін хатқа қол қойып жатыр. Астана, 24 сәуір 2017 жыл.

Астанада бүгін бірнеше азаматтық белсенді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне президентке және мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға "саяси тұтқындарды қудалайтын баптарды жою немесе қайта қарауды" талап ететін хат тапсырды.

"Таяуда қабылданған, қазір органдар барынша жиі қолданып жатқан репрессивтік баптар - қылмыстық кодекстің 400-бабы ("Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу"), 274-бап ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") және174-бап ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") жүйенің өзгеше ойлайтындарды қатаң басып-жаныштауына мүмкіндік береді. Режим құрбандары ең алдымен мына адамдар: Макс Боқаев, Талғат Аян, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Вадим Курамшин, Жанболат Мамай, Сейітқазы Матаев, Әсет Матаев, Юрий Пак, Нұрбек Құшақбаев, Әмин Елеусінов, Талғад Жәнібеков, Наталья Уласик және басқалары болды. Бұлардың көпшілігі - құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері, кәсіподақ жетекшілері, журналистер және азаматтық белсенділер өз елінің патриоттары ретінде көпке танымал" делінген үндеуде.

Белсенділер өздері қорғауды сұраған адамдар халықтың жер, тіл, экономика, еңбек құқығы, бірігу құқығы, сөз еркіндігі құқығына қатысты мүдделерін қорғағанын айтады.

Азаматтық белсенді Зәуре Сағидолдинаның айтуынша, белсенділер бұған дейін де президент кеңсесіне хат тапсырғанымен, оларына әлі жауап ала алмаған.

- Олар біздің жанымыз ауыратынын, жайдан-жай қарап отыра алмайтынымызды, оларды аяйтынымызды білгенін қалаймыз. Олардың отбасылары және қар ата-аналары бар. Бірақ ол жердің (Ақорданың - ред.) өз мақсаты бар және біздің хаттарымыздың оларға керегі жоқ, - деді Зәуре Сағидолдина.

Белсенділердің әрбір жеке хатында Қазақстанның түрлі қалаларындағы құқық қорғаушылар, кәсіподақ белсенділері, азаматтық белсенділер мен журналистерге қарсы сот процестерінде "әділдікке еліктеушілік қана бары" айтылады.

Хат тапсыру акциясын полиция мен Астана қалалық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері бақылап тұрды, бірақ оқиғаға киліккен жоқ.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG