"Эйр Астана" әуе компаниясының бүгін Алматыдан Ақтауға ұшып шыққан ұшағы "қозғалтқыштағы май деңгейін көрсететін жүйеден ақау шыққан" соң әуежайға қайта оралды деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жергілікті БАҚ-тың ақпаратына қарағанда, ақау Airbus A320-271N ұшағынан шыққан. Ұшақ KC857 рейсі бойынша 25 сәуір күні таңертең Алматы әуежайынан жүз километрдей ұшып шығып, қайтадан әуежайға оралған.
"Халықаралық қауіпсіздік процедураларына сәйкес сақтық ретінде әуежайға оралу туралы шешім қабылданды. Ұшақ қалыпты жағдайда қонды. Қазір компания ұшақты толық техникалық тексеруден өткізіп, барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр" деп хабарлады "Эйр Астана".
Рейс жолаушыларына басқа ұшақпен ұшу туралы ұсыныс жасалған.
Соңғы екі айда "Эйр Астана" компаниясының ұшақтарынан осымен төртінші рет ақау шығып отыр.