Accessibility links

Көкшетауда "діни алауыздық тудыру" ісі бойынша жабық сот басталды


Ақмола облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Көкшетауда бүгін "діни алауыздық тудырды" деп айыпталған Нариман Сейітжановтың ісі бойынша сот басталды.

Кеше істі жүргізетін судья Ілияс Кәкімнің хатшысы бүгін сот отырысы болмайтынын айтқан еді. Бірақ бүгін Азаттық тілшісі Көкшетау қалалық сотының сайтында жарияланған кестеде сот не себепті 25 сәуірде өтеді деп көрсетіліп тұрғанын сұраған. Хатшы соттың бүгін жабық түрде басталғанын растады.

27 жастағы Нариман Сейітжанов - Сауд Арабиясында оқып, Қазақстанға оралған соң біраз уақыттан кейін ұсталған бес сүннит мұсылманның бірі. Арнайы қызмет Сейітжановты ұстаған соң оған қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша айып тағып, қамауға алған.

Forum18.org құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, Қазақстанға Сауд Арабиясынан оралған тағы үш адам қамуда отыр. Алматыда қамауда отырған Медине университетінің бұрынғы студенті Денис Коржавинге де 174-бап бойынша айып тағылған.

Павлодарда 7 сәуірде осы университеттің тағы бір магистранты Қуаныш Башпаев "алауыздық тудыру" айыбы бойынша төрт жарым жылға соттаған. Оның соты да жабық түрде қаралған. Башпаевтың адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, "сотталушыға қатысты бір де бір дәлел келтірілмеген". Башпаев өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Адвокат Сауд Арабиясында оқыған Қазақстанның бес азаматына қатысты қылмыстық іс "кафеде болған әңгімелер негізінде құралған" дейді.

- Олардың барлығын кафеде немесе дастарқан басындағы әңгімелерде үгіт-насихат жүргізумен айналысты деп айыптайды. Яғни, оларды исламның біздегі сенімінен басқа ағымды насихаттап жүр деп айыптайды, - дейді Бауыржан Азанов Азаттыққа.

Forum18.org Астанада Сауд Арабиясында оқыған Сатымжан Азатовтың тергеліп жатқанын, ал Оралда Сауд Арабиясынан экстрадицияланған Абдухалил Абдужаппаровтың қамауда отырғанын айтады.

Тергеушілердің болжамынша, Сейітжанов пен Азатов өткен жылы Астанадағы кафелердің бірінде 50 адаммен кездескен. Тергеушілер ол адамдарды "салафиттер" деп санайды. Кездесуден соң ҰҚК қызметкерлерінің қолына "белгісіз адамның" осы кездесуден жазып алған жазбасы түскен.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG