Accessibility links

БЗЖҚ: Қоғамдық кеңес жұмысын жалғастыра береді


Нұрбүбі Наурызбаева, БЗЖҚ акционерлік қоғамының атқарушы төрағасы. Алматы, 26 сәуір 2017 жыл.
Нұрбүбі Наурызбаева, БЗЖҚ акционерлік қоғамының атқарушы төрағасы. Алматы, 26 сәуір 2017 жыл.

Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорының (БЗЖҚ) жанындағы Қоғамдық кеңестен оған мүше бірер адамның шығып кетуі кеңес жұмысына кері әсер етпейді деп мәлімдеді бүгін "БЗЖҚ" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева.

Кеше саясаттанушы, БЗЖҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Досым Сәтпаев Facebook-те өзінің кеңес құрамынан шығуға шешім қабылдағанын хабарлаған. Сәтпаевтың жазуынша, кеңестен экономист Рақым Ошақбаев пен "Қаржылық еркіндік" қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ботагөз Жұманова да шықпақ.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыда өткен жиында кеңес мүшелерінің шығуына қатысты комментарий берген Нұрбүбі Наурызбаева кеңестің бірнеше мүшесінің пікірлерін өзге мүшелері қолдамағанын айтты.

- Қоғамдық кеңестің бірнеше мүшесі біз тек жинақтау жағымен айналыспауымыз керек, бүкіл зейнетақы жүйесімен айналысуымыз қажет деген пікір білдірді. Енді бұл ой қоғамдық кеңестің барлық мүшелерінен қолдау тапқан жоқ. Өйткені, олардың ойынша қоғамдық кеңес зейнетақы жинақтау қорының жанында құрылғандықтан қор сұрақтарымен ғана айналысуы керек. Бұл қоғамдық кеңеске адамдар өз еріктерімен кірді. Біз шақырған адамдар да бар. Әркім әрине өзінің пікірін айтуға құқылы. Қазіргі кезде 29 адам бар, енді 2-3 адамның шыққаны менің ойымша қоғамдық кеңестің жұмысына кері әсерін тигізбес. Біз осы уақытқа дейін қоғамдық кеңеспен қалай жұмыс істеп, қалай қолғабыс көрсетсек сол жағдайда ары қарай жұмыс істей береміз, - деді Нұрбүбі Наурызбаева.

Сәтпаев Facebook-та қоғамдық кеңестен шығу себебі БЗЖҚ-мен қоғамдық кеңес немен айналысуі керек, қандай бағытта жұмыс істеп, қандай мәселелерді көтеруі қажет деген мәселеде келіспеушілікте екенін жазған.

БЗЖҚ жанындағы қоғамдық кеңес өтен жылдың соңында қор мен қорға қатысы бар екі компанияның басшылары коррупциялық қылмысқа қатысты істі болып, қамауға алынғаннан кейін, биыл ақпанда құрылған.

2013 жылы 22 тамызда "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" БЗЖҚ болып қайта тіркелген. БЗЖҚ-ның құрылтайшысы және акционері ретінде қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атынан Қазақстан үкімет саналады. БЗЖҚ-ның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады.

Қазақстан заңдары бойынша, жұмыс істейтін азаматтар ай сайын айлық табысының 10 пайызын БЗЖҚ-ға аударып отыруға міндетті. БЗЖҚ-да 10 миллион дербес зейнетақы есепшоты тіркелген. Өткен жылғы желтоқсан айының басындағы есеп бойынша, зейнетақы қорының активтері 6,6 триллион теңгені (19 миллиард доллардан астам) құраған.

XS
SM
MD
LG