Accessibility links

Ресейде Орталық Азия елдерінен шыққан 12 күдікті "экстремист" ұсталды


Ресейдің Калининград қаласы (Көрнекі сурет).
Ресейдің Калининград қаласы (Көрнекі сурет).

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) 26 сәуір күні кешке елдің батысындағы Калининград қаласында исламшыл экстремистік топппен байланысы бар деген күдікпен 12 адамның ұсталғанын хабарлады.

ФСБ ұсталған 12 адамның "Ислам жиһады - Жамаат Муджаһедин" тобымен байланысы барын және олардың Орталық Азия елдерінен шыққанын айтады. Арнайы қызмет ұсталғандар содырлар қатарына адам тартумен айналысқан деп күдіктенеді.

ФСБ ұсталған топ жетекшісі Өзбекстанда экстремистік қылмыстары үшін іздеуде жүргенін айтып, күдіктілер терроризм айыбымен сотқа тарту үшін ұзамай өз елдеріне депортацияланатынын мәлімдеді.

Кеше арнайы қызмет бұдан бұрынырақ Сахалин қаласында "ауқымды теракт жасауды жоспарлады және "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының мүшесі" делінген күдікті екі адамды ұстаған. Ресми мәлімет бойынша, олардың біреуі - Рсеейдің, тағы бірі - Орталық Азия елдерінің бірінің азаматы.

Ресей осы айда Орталық Азия елдерінен шыққандарды осымен үшінші рет Ресейде террористік әрекет жасады деп айыптап отыр.

Ресей билігі Қырғызстаннан шыққан, Ресей азаматтығын алған Акбаржон Джалиловты 3 сәуірде Санкт-Петербург метросында болған терактіні жасады дейді. Бұл терактіге қатысы бар деген күдікпен Орталық Азиядан шыққан 10 адам ұсталған.

Өткен аптада Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында ФСБ-ның жергілікті басқармасына қарулы шабуыл жасалып, екі адам қаза тапқан. Шабуыл жасаған адам ФСб қызметкерімен атыста көзі жойылған. Бұл шабуыл жауапкершілігін ИМ мойнына алған.

Бірақ Ресей билігі ол шабуылдың ИМ-мен байланысы барын жоққа шығарып, шабуыл жасаған 17 жастағы Ресей азаматының неонацистік топпен байланысы барын айтады.

XS
SM
MD
LG