Accessibility links

Еурокомиссия Венгриядағы білім туралы жаңа заңға қатысты тексеру бастады


Будапештегі білім туралы жаңа заңға қарсылық акциясы. Венгрия, 9 сәуір 2017 жыл.
Будапештегі білім туралы жаңа заңға қарсылық акциясы. Венгрия, 9 сәуір 2017 жыл.

Еуропа комиссиясы Венгрияда Будапештегі Орталық Еуропа университетінің (ОЕУ) жабылуына әке соқтыруы мүмкін жоғары білім туралы жаңа заң қабылдануына байланысты Венгрия билігіне қатысты тексеру бастады. Брюссель жаңа заңның "ішкі нарықтағы фундаменталдық еркіндіктерге және академиялық еркін болу құқығына қайшы" екенін мәлімдеді.

Орталық Еуропа университетін 1991 жылы америкалық миллиардер Джордж Сорос ашқан. Университет біраз уақыттан бері Венгриядағы саяси дискуссияның басты нысанасына айналды. Премьер-министр Виктор Орбан Венгриядан шыққан Джордж Соросты "елдің ішкі ісіне килікті" деп біраздан бері айыптап жүр. Үкімет басшысы Сороспен байланысты ұйымның жұмысына бірнеше рет шектеу қойған.

"Біз жоғары білім туралы заңға қатысты тексеру жүргізуге шешім қабылдап, Венгрия үкіметіне жан-жақты құқықтық талдау жасау негізінде ресми ескерту жолдадық" деді Еуропа комиссиясының вице-президенті Валдис Домбровскис.

Жаңа заң бойынша, Венгрияда жұмыс істейтін шетел жоғары оқу орындарында кампус пен өз елдеріндегідей оқу бағдарламалары болуы міндетті. Заң ОЕУ-ды 2018 жылдан бастап студент қабылдауын тоқтатып, 2021 жылға қарай жабылуға мәжбүрлейді.

Қазір ОЕУ-да 100-ден астам мемлекеттен 1400-ден астам студент оқиды.

XS
SM
MD
LG