Accessibility links

"Қазақмыс" компаниясы кенішінің қызметкері белсендіні сотқа берді


Берік Жағыпаров, журналист әрі азаматтық белсенді.
Берік Жағыпаров, журналист әрі азаматтық белсенді.

"Қазақмыс" компаниясының қызметкері жезқазғандық белсенді Берік Жағыпаровты жала жапты деп айыптады. Компанияның "Жомарт" кенішіндегі персонал қызметінің бастығы Мұрат Шегірбаев сотқа Берік Жағыпаровты "ғайбаттады деп" шағымданып, белсендіден моральдық шығын ретінде екі миллион теңге өндіріп беруді сұрады. Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның хабарлауынша, сотқа шағымдануға өткен жылы интернетте жарияланған жазба себеп болған.

Шегірбаев шағымында Жағыпаров Facebook-тегі жазбасында және "Қазақмыстың басқарма төрағасының атына жазған хатында өзіне қатысты "көрінеу жалған мәлімет беріп, абыройым мен қадыр-қасиетімді және іскерлік беделімді қаралады" дейді. Шегірбаев сонымен қатар өткен жылы күзде жарияланған, өзіне сеніп тапсырылған учаскеде жұмысқа қабылдау, ауысу және жүріп-тұру "құпия белгіленген баға бойынша іске асады" деген ақпаратпен де келіспейді.

Белсенді қуғындауды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады. Шағым белсенді корпорациядағы қауіпсіздік техникасының жай-күйін және жұмысшылардың жараланып қаза табатыны туралы мәліметтерді қоғамдық талқыға салу туралы бастама көтерген уақытта беріліп отыр. Шағым сот өндірісіне 13 сәуірде қабылданған. Сот қаулысы бойынша, Мұрат Шегірбаев сотқа жеке айыптаушы ретінде қатысады. "Қазақмыстың" баспасөз қызметі Азаттыққа Мұрат Шегірбаев туралы ақпаратты кейінірек анықтайтынын айтты.

Бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы 5 мамыр күні Жезқазған қалалық сотында сағат 10-ға белгіленген. Сотты судья Гүлсара Байкенжинова жүргізеді.

XS
SM
MD
LG