Accessibility links

СҚО әкімдігі: Су қоймаларында судың деңгейі әлі көтеріліп жатыр


Петропавл іргесіндегі су басқан Прибрежное ауылы. Солтүстік Қазақстан облысы, 27 сәуір 2017 жыл.
Петропавл іргесіндегі су басқан Прибрежное ауылы. Солтүстік Қазақстан облысы, 27 сәуір 2017 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысында 27-28 сәуір күндері Сергеев су қоймасындағы су деңгейі арнасынан екінші рет асады деп болжанып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федияевтің Азаттыққа айтуынша, Петропавл су қоймасында қазір су деңгейі әлі көтеріліп жатыр. Өткен тәулікте Петропавл су қоймасының төменгі жағы 6 сантиметрге, ал жоғарғы жағы 10 сантиметрге көтерілген. 1-2 мамыр күндері бұл су қоймасында су тағы да көтерілуі мүмкін деген болжам бар.

Кеше Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында төтенше жағдай жарияланған. Қаладан 9 километр қашықтықта орналасқан, Қызылжар ауданына қарайтын Прибрежное, Тепличное ауылдарын су басқан. Ресми мәлімет бойынша, кешегі күнге дейін облыста су шайып өткен үйлердің саны 171-ге жетіп, 700-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Су басқан үйлердің саны әлі де артуы мүмкін.

Прибрежный ауылының Петропавлмен қарым-қатынасы үзілгеніне үшінші күн болды. Құтқарушылар тұрғындарға азық-түлікті қайықпен жеткізіп жатыр.

Антон Федияевтің сөзіне қарағанда, Сергеев су қоймасының ернеуі арқылы тасып жатқан судың деңгейі 224 сантиметрге көтерілген.

XS
SM
MD
LG