Accessibility links

Сот режиссер Талғат Жәнібековті қамауда ұстау мерзімін ұзартты


Режиссер Талғат Жәнібеков пен адвокаттар сот залында отыр. Алматы, 9 наурыз 2017 жыл.
Режиссер Талғат Жәнібеков пен адвокаттар сот залында отыр. Алматы, 9 наурыз 2017 жыл.

Алматы қаласы Медеу аудандық қылмыстық істер соты кино түсіруге бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша айып тағылған режиссер Талғат Жәнібековті уақытша қамау мерзімін тағы да ұзартты. Бұл туралы бүгін сот шешім қабылдағаны туралы Азаттыққа адвокат Бақытгүл Қадырбекова хабарлады.

Бұған дейін сәуірдің 27-сі күні өткен сот отырысында Талғат Жәнібековтің адвокаты қызметін атқарушы Амангелді Жәнібеков оны «уақытша қамау туралы сот санкциясы белгілеген мерзімнің аяқталуына байланысты қамаудан шығаруды немесе үйқамаққа алуды» сұраған.

Қылмыстық істі қараған Медеу аудандық 2-сотының судьясы Тәкен Шәкіров шешімді бір күннен кейін қабылдайтынын хабарлаған. Сотта айыптаушы прокурор ауыр қылмыс жасады деп айыпталған Жәнібековті босатуға қарсылық білдірген.

Бейсенбіде өткен сот отырысында мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері «режиссер Талғат Жәнібеков мемлекетке келтірген 6 миллион 802 мың 25 теңге шығынын өтеуі тиіс» деп мәлімдеген.

«Талғат Жәнібековті босату» туралы өтінішті қорғаушылар ақпанның 28-і күні өткен алдын ала сот тыңдауында да айтқан. Онда Талғат Жәнібековтің адвокаты Серік Айтбаев оны кепілге босатуды сұраған. Судья оның өтінішін қанағаттандырмаған. Талғат Жәнібеков 2016 жылғы желтоқсанның 29-ынан бері қамауда отыр.

Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 27 ақпанда басталған. Қылмыстық іс бойынша айып тағылған тоғыз адамның арасында белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов пен «Феникс» фильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдина бар.

XS
SM
MD
LG