Accessibility links

Сегіз облыста тасқынға қарсы шаралар жүріп жатыр


Алматы облысы Қарасай ауданының Қырғауылды ауылында су басқан саяжай учаскелері. 28 сәуір 2017 жыл. (Сурет Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды.)
Алматы облысы Қарасай ауданының Қырғауылды ауылында су басқан саяжай учаскелері. 28 сәуір 2017 жыл. (Сурет Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды.)

Қазақстанның сегіз өңірінде – Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр деп хабарлайды Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Қазақпарат» агенттігі.

Ақмола облысы Целиноград ауданында суды сорғыту, судың арғы бетінде қалып қойған тұрғындарды өткізу және оларға азық-түлік өнімдерін жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр деп хабарланды. Зеренді, Есіл және Жарқайың аудандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Знаменка ауылында халыққа ауыз суды тасып беріп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар Заречный кенті мен Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылына азық-түлік, ауыз су, малға жем-шөп жеткізіп жатқаны айтылады.

Алматы облысында тасқыннан зардап шеккен елді мекендерде апат салдарын жою, осыған дейін тасыған Қырғауылды өзені арнасын тазарту және жағалауын нығайту шаралары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитеті 28 сәуір мен 1 мамыр аралығында Алматы облысында нөсер болады деп ескерткен.

Қостанай облысы Қарасу ауданындағы Жамбыл ауылында құтқарушылар мен жергілікті билік органдары еріген қар суын сорғыту және оларды бұру жұмыстарын атқарып жатыр. Қарағанды облысында жергілікті полиция су ағынынан бүлінген автожолдарға бақылау орнатқан. Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауылында құтқарушылар жер асты суларын сорғытып жатыр деп хабарлаған ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

XS
SM
MD
LG