Accessibility links

Черногория парламенті НАТО-ға кіруді қолдады


Черногория премьер-министрі Душко Маркович (сол жақта) елдің НАТО-ға енуі мәселесі парламентте талқыланған кезде сөйлеп тұр. 28 сәуір 2017 жыл.
Черногория премьер-министрі Душко Маркович (сол жақта) елдің НАТО-ға енуі мәселесі парламентте талқыланған кезде сөйлеп тұр. 28 сәуір 2017 жыл.

Черногория парламентіндегі 81 депутаттың 46-сы ресейшіл оппозиция мен Ресейдің қарсылығына қарамастан НАТО-ға кіруді қолдап дауыс берді. Балқан түбегінде орналасқан Черногорияда былтыр қазанның 16-сында өткен парламент сайлауының нәтижесін мойындамай, заң шығарушы билік органы жұмысына қатысудан бас тартып келе жатқан оппозиция бұл жолы да дауыс беруге қатысқан жоқ.

Черногория оппозициялық партиялары соңғы айларда НАТО-ға мүше болу туралы мәселеге байланысты елде референдум өткізу туралы талап қойған. Бірақ билік қолданыстағы заңдар мен мұндай мәселеге байланысты жалпыхалықтық дауыс беру тәжірибеде болмағанын алға тартып, референдум өткізуден бас тартқан.

АҚШ сенатында биыл наурыздың 28-і күні Черногорияны НАТО-ға мүше етіп қабылдау туралы хаттаманы дауысқа салған кезде 97 адам оны қолдап, екеуі қарсы дауыс берген. Черногория 2009 жылғы желтоқсанда НАТО-ға мүше болу жөнінде іс-қимыл жоспарын алған. 2016 жылғы мамырда Черногория НАТО-ға ену туралы хаттамаға қол қойған соң бұл ел осы халықаралық әскери-саяси ұйым бақылаушысы мәртебесіне ие болған еді.

XS
SM
MD
LG