Accessibility links

Прокурор соттан "Иегова куәгері" Теймур Ахмедовті 6 жыл 8 айға қамауды сұрады


"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшесі Теймур Ахмедов (сол жақта) пен оның адвокаттары Наталья Кононенко және Виталий Кузнецов сотта отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.
"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшесі Теймур Ахмедов (сол жақта) пен оның адвокаттары Наталья Кононенко және Виталий Кузнецов сотта отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық прокуратурасының аға прокуроры Бауыржан Құлмағанбетов соттан "Иегова куәгерлері" христиан діни қауымының мүшесі, 60 жастағы Теймур Ахмедовті 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы бүгін сотталушының адвокаты Наталья Кононенко хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, бұған дейінгі сот отырыстарындағыдай, жұма күні өткен соңғы сот отырысында да судья қорғаушы тараптың берген барлық өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

Прокуратура сотталушы ислам мен православие жайлы жағымсыз сөздер айтып «бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы ауыр қылмыс» жасаған дейді. Прокуратураның болжамы бойынша, Теймур Ахмедов ондай сөзді «көпшілік алдында», яғни өздерін студентпіз деп атайтындардың пәтерінде, Асаф Гулиевтің пәтерінде және өз үйінде бірнеше адамның көзінше айтқан. Адвокаттың сөзінше, Ахмедовтің ісінде пайда болған «көпшілік алдында» ұғымының түсіндірмесі Қазақстан заңында нақты көрсетіліп жазылмаған.

Бұған дейін сот отырысында сотталушының әйелі Мафиза Ахмедова әлгі кездесулер өздерін студентпіз деп атаған адамдардың бастамасы бойынша өткені, олар арандатушы сұрақтар қойып, барлық әңгімені жазып отырғаны туралы айтқан. Қылмыстық істе дін жайлы әңгіме жазылған 19 диск бар, сот ондағы аудиожазбаларды тек ішінара тыңдаған. Сотталушы өз әңгімесі таспаға жазылып жатқанынан бейхабар болғанын айтқан.

Теймур Ахмедовтің ісі бойынша сот үкімі мамырдың 2-і күні Астананың Сарыарқа аудандық 2-сотында жарияланбақ.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG