Accessibility links

Серік Ахметов Қарағанды облыстық сотына апелляциялық шағым берген


Сот процесі өтіп жатқан залдағы сотталушы Серік Ахметовтің монитордан көрсетілген суреті. Қарағанды, 2 желтоқсан 2015 жыл.
Сот процесі өтіп жатқан залдағы сотталушы Серік Ахметовтің монитордан көрсетілген суреті. Қарағанды, 2 желтоқсан 2015 жыл.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, 2015 жылдың соңында коррупция айыбымен сотталып, қазір жазасын өтеп жатқан Серік Ахметов өзінен материалдық шығынның өтемі ретінде 17 миллион теңгеден астам қаржы өндіртіп алу туралы алғашқы инстанциядағы сот шешімінің күшін жоюды талап етіп Қарағанды облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген деп хабарлайды «Қазақпарат». Сот шағымды қашан қарайтыны әзірше белгісіз.

Алғашқы инстанциядағы сот ұйғарымы бойынша, Серік Ахметов пен бұның оның қарамағында қызмет істеген төрт адамның заңсыз іс-әрекеттерінен мемлекет 17 миллион 310 мың теңге зиян шеккен.

Биыл наурыз айында Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық 2-соты Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің талабын ішінара қанағаттандырып, Серік Ахметовтен, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтен, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұловтан, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбековтен және тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің бұрынғы бастығы Айдос Жәкеновтен 17 миллион теңгеден аса қаржы өндіртіп алу туралы қаулы шығарған. Бесеуі бұл соманы бірдей үлеспен төлеулері тиіс. Талап иесінің мәлімдеуінше, Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі болып тұрғанда Қарағанды көшелеріндегі жарық бағаналарын ауыстырған кезде өз ұлы Данияр Ахметов қосалқы құрылтайшы, ал туған інісі Берік Ахметов директордың орынбасары болып қызмет атқарған «Сталь Цинк» компаниясына артықшылықтар берген деп мәлімдеген. Прокуратура Ахметовтің ұлы металл бұйымдарды ысытып мырыштау қызметін көрсеткені үшін мемлекеттен артық ақша алу құқығына ие болған деп санайды.

Серік Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

«Серік Ахметовтің ісі» бойынша сотталған бірнеше адам бұған дейін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан немесе рақымшылық заңы бойынша олардың жаза мерзімі қысқартылған. Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин, «Металлургия-металлообработка» компаниясының бұрынғы директоры Анатолий Эссе, «Металлургия-металлообработка» компаниясы директорының бұрынғы орынбасары Оразалы Айменбетов бостандыққа шыққан. Сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Серік Ахметовтің жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған. 21 адам - негізінен Қарағанды облысының жоғарғы лауазымды шенеуніктері мен бизнесмендер жауапқа тартылған сот процесі 2015 жылғы желтоқсанда аяқталған.

XS
SM
MD
LG