Ресейлік "Ночные волки" ("Түнгі қасқырлар") клубының "Дороги Победы - на Берлин" (Жеңіс жолы - Берлинге") шарасына қатысуға шыққан мотоциклистерін "экстремистік ұйымға қатыстары бар" деген күдікпен Польшаға кіргізбей қойды деп хабарлады клуб өкілі Евгений Строговқа сілтеме жасаған ТАСС агенттігі.
Строговтың сөзінше, Польшадағы шараға клубтың Еуропа елдеріндегі және Беларусьтегі бөлімшелерінің байкерлері ғана қатысқан.
"Ночные волки" жылда 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында осындай сапар ұйымдастырады. Соңғы жылдары мұндай шаралар бірнеше рет жанжалға ұласқан. 2016 жылы Прагаға келген ресейшіл байкерлерді ондағы шерушілер "Үйлеріңе қайтыңдар, отарлаушылар","Чемодан, вокзал, Россия!" және "Қырым татарларына бостандық!" деген ұрандармен қарсы алған. 2015 жылы Чехия мен Германия билігі "клуб басшысы Александр "Хирург" Залдостанов Донбастағы сепаратистерді қолдады" деген уәжбен оның байкерлерін елге кіргізбеуге тырысқан.
Кремльшіл "Антимайдан" қозғалысы басшыларының бірі Залдостановты АҚШ пен Канада "Украинадағы жағдайды тұрақсыздандыруға және Қырымды аннексиялап алуға қатысы бар" адамдардың санкциялық тізіміне қосқан. Ресейлік Жемқорлықпен күрес қоры "Ночные волки" клубы елдің федеральдық бюджетінен қомақты грант алады деп мәлімдеген.