Accessibility links

Чехия премьер-министрі үкіметін отставкаға жібермек


Богуслав Соботка, Чехия премьер-министрі
Богуслав Соботка, Чехия премьер-министрі

Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка қарсыласы, қаржы министрі әрі миллионер Андрей Бабиш капиталын қалай тапқанына түсінік бере алмағандықтан өз үкіметі отставкаға кететінін жариялады. Соботка отставкаға өтініш бері үшін осы аптада президент Милош Земанмен кездесетінін мәлімдеді.

Премьердің бұл қадамы елде парламент сайлауына шамамен алты ай уақыт қалғанда басқарушы коалицияда қиын жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Соботка Чехиядағы екінші ең бай бизнесмен Бабиш салық төлеуден жалтарды деп күдіктенетінін және оның қалай байығанына күмәнданатынын білдірді.

Бабиш АНО ("Наразы азаматтар ассоциациясы") центристік қозғалысын басқарады. Қозғалыс қазан айында өтетін парламент сайлауының фавориті саналады. Қозғалыс сайлауда жеңсе Бабиштің премьер болуына жол ашылады. Бұған дейін Бабиш қандай да бір заң бұзғанын жоққа шығарған.

Соботка басқаратын Социал-демократиялық партия АНО-дан кәдімгідей артта қалып тұр. 2014 жылы құрылған Христиан демократиялық партиясы коалициядағы үшінші партия болып тұр. Оның төрағасы Павел Белобрадек премьер-министрдің шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Соботка үкімет отставкаға кетсе Бабишті қызметінен босатуға мүмкіндік туатынын, бірақ оған сайлауалды кампаниясын жүргізуге қосымша уақыт берілмейтінін айтты.

Премьер үкіметті отставкаға жіберу коалицияның үкіметті қайта жасақтауына мүмкіндік береді, бірақ оның құрамына Бабиш кірмейді деп санайды.

Үкіметтегі ең танымал саясаткер Бабиш отставка туралы шешімді "түсініксіз қадам" деп атады. "Соботка барлығын жойып отыр" деді Бабиш Чехияның қоғамдық радиоының эфирінде. Ол салық төлеуден жалтару туралы айыпты толық жоққа шығарды. Оның пікірінше, "айыпты сайлау алдында сайлаушылар қолдауынан айырыла бастаған және Чехиядағы ең бай адамдардың бірінің айналасындағы даудан өздеріне саяси капитал жинап алмақ болған" социал-демократтар ойлап тапқан.

XS
SM
MD
LG