Сирия қарулы оппозициясының делегациясы Астанада өтіп жатқан Сирия жөніндегі бейбіт келіссөзден шығып кетті деп хабарлады оппозициядағы дереккөздеріне сілтеме жасаған France Press агенттігі.
"Көтерілісшілер делегациясы Сириядағы бейбіт тұрғындарға қарсы өрескел әуе шабуылдарына байланысты кездесуін доғарды. Бас тарту Сирияның бүкіл территориясында атқылау тоқтағанша күшінде болады" деген келіссөзге қатысып жатқан көтерілісшілер арасындағы дереккөз.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов журналистерге бұл ақпаратқа қатысты әзірге нақты ешнәрсе айта алмайтынын білдірді.
Ресей, Түркия және Иран арағайындығымен өтіп жатқан Сирия бейбіт келіссөзі бүгін түс шамасында басталды, жабық түрде өтіп жатыр. Келіссөзге Сирияның қарулы оппозициясы делегациясын "Джейш әл-Ислам" ұйымының жетекшісі Мохаммед Аллуш бастап келгені хабарланған.
Келіссөзге сонымен қатар БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс істері бойынша көмекшісі Стюарт Джонс, Иордания сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша көмекшісі Науаф Уасфи Тел де қатысатыны хабарланған. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Вашингтон Астанадағы келіссөзге өкілін жіберетінін хабарлаған.
Келіссөз 4 мамырда аяқталады деп жоспарланған. СІМ 4 мамыр күні түстен кейін пленарлық отырыс және қорытынды баспасөз конференциясы болады дейді.