Accessibility links

Киевте Януковичтің сыртынан сот басталды


Виктор Янукович, Украинаның бұрынғы президенті.

Киевте Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің сыртынан "мемлекетке сатқындық жасау" айыбы бойынша сот тыңдауы басталды. Оболонь аудандық сотында өтіп жатқан процесте Януковичтің құқығын екі адвокат қорғайды. Бүгінгі сотта айыптаушы прокурор мен адвокаттың сөз таласынан соң судья Владислав Девятко Виктор Янукович сотқа видео байланыс арқылы болса да қатысуы тиіс деп, сотты 18 мамырға қалдырды.

Виктор Янукович 2014 жылы ақпанда жаппай халық толқуларының қысымынан соң Ресейге қашып кетіп, сонда тұрып жатыр. Украинаның қазіргі билігі 2014 жылы қыста арнайы жасаққа демонстранттарға оқ атуға Януковичтің өзі бұйрық берген деп біледі. 2013 жылдың қарашасында басталып, үш айға созылған толқулар кезінде Киевте 100-ден астам демонстрант құрбан болған.

Янукович "мемлекетке сатқындық жасады", "Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын бұзды" және "Ресей агрессиясына арандатты" деп айыпталып отыр. Киев Януковичті айыптауға оның "Ресей билігінен Украинадағы оқиғаға араласуын сұрап жазған хаты" дәлел болады дейді.

Янукович биліктен кетісімен-ақ Ресей Украинаның Қырым түбегін тартып алып, Украинаның шығыс және оңтүстік облыстарында сепаратизмге дем бере бастаған. Киев пен НАТО Мәскеу ресейшіл сепаратистерге әскери қолдау көрсетті деп санайды. 2014 жылы сәуірде сепаратистерге қарсы басталған соғыста 10 мыңға тарта адам құрбан болды.

Украина бас прокуратурасы 3 мамырда Интерпол Януковичті халықаралық іздеуді тоқтатқанын хабарлаған. Киев Интерполдың бұл шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.

Янукович тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылса, сырттай 15 жылға сотталуы мүмкін.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG