Accessibility links

АҚШ: Обаманың денсаулық сақтау бағдарламасын жоятын өзгерістер мақұлданды


АҚШ-тағы қолжетімді денсаулық сақтау бағдарламасының ресми сайтының басты беті (Көрнекі сурет).
АҚШ-тағы қолжетімді денсаулық сақтау бағдарламасының ресми сайтының басты беті (Көрнекі сурет).

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы бұрынғы президент Барак Обаманың тұсында қабылданған денсаулық сақтаудың қолжетімді бағдарламасының негізгі тұстарын жоятын заң жобасын аз ғана басым дауыспен мақұлдады. Заң жобасы мақұлдануы үшін 216 дауыс қажет болған. Жобаны өкілдер палатасының 217 мүшесі қолдап, 213-і қарсы дауыс берді. Енді заң жобасы сенатта мақұлдануы тиіс. Мұндағы 100 сенатордың 52-сі - Республикашыл партия өкілдері. Ал құжат мақұлдануы үшін 60 дауыс қажет.

2010 жылы қабылданған бағдарлама 20 миллионға тарта америкалықтың медициналық сақтандыруға ие болуына мүмкіндік береді. Бағдарлама сонымен қатар сақтандыру компанияларын бұрыннан ауыратын науқастырды қабылдауға міндеттейді. Республикашылдар денсаулық сақтау саласындағы бұл реформаларға қарсы шыққан. Олар бағдарламаны мемлекеттің килігуі деп атап, құны тым қымбатқа түседі деп мәлімдеген.

Республикашылдар ұсынған заң жобасында бағдарламаға қатысты бірқатар салықтар мен медициналық сақтандыруды сатып алмаған азаматтарға салынатын айыппұлды жою қарастырылған. Жоба сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың сақтандыру алуына жәрдемдесетін Medicaid қызметін қаржыландыруды да қысқартпақ. Заң жобасын 24 наурызда дауысқа салу республикашылдардың даусы жеткіліксіз екені белгілі болған соң кейінге қалдырылған. Кейін заң жобасына өзгерістер енгізілген.

Демократтар конгрестің бюджет комитетінің есебі жарияланған соң бағдарламаны өзгертуге қарсы шыққан. Есепте 2026 жылға қарай АҚШ-та медициналық сақтандыруы бар азаматтар саны 26 миллион адамға азаятыны, ал 55 жастан асқан азаматтардың үлкен мөлшерде сақтандыру жарнасын төлеуге мәжбүр болатыны айтылған. Демократтар бұған қоса бұрыннан науқас адамдардың медициналық сақтандыруға ие болуы қиындай түсетінін айтады.

XS
SM
MD
LG