Accessibility links

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы жанжалдан үш адам оққа ұшты


Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Чаман өткеліндегі жанжалдан жараланған баланы туыстары алып барады. Пәкістан, Чаман, 5 мамыр 2017 жыл.
Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Чаман өткеліндегі жанжалдан жараланған баланы туыстары алып барады. Пәкістан, Чаман, 5 мамыр 2017 жыл.

Ауғанстан мен Пәкістанның шекарасындағы Чаман өткелінде ауған және пәкістандық күштердің қақтығысынан кем дегенде үш адам қаза тауып, тағы 21 адам жараланды деп хабарлады бүгін екі елдің билік өкілдері. "Үш адам, оның ішінде бір әйел қаза тапты, 21 адам жараланды" деді Пәкістанның Чаман қаласындағы аурухананың дәрігері Насим Улла. Ауғанстан билігінің хабарлауынша, қақтығыстан үш ауған шекарашысы жараланды.

Екі жақ та бүгін таңертең шекарада болған оқиғаға қатысты қарама-қайшы ақпарат беріп, бір-бірін айыптап жатыр. Пәкістан әскерилерінің мәлімдемесінде ауған шекарашыларының халық санағын жүргізіп жүрген адамдарды қорғап жүрген пәкістандық әскери қызметкерлерге "оқ атқаны" айтылады. "30 сәуірден бері Ауғанстан полициясы шекараның Пәкістан жағындағы Чарнан ауданының бөлінген Килли Лукман және Килли Джахангир ауылдарында санақ жүргізуге кедергі болып келеді" делінген Пәкістан әскерилері таратқан мәлімдемеде.

Ауғанстанның Кандагар уәлаяты полициясы бастығының ресми өкілі атысты "пәкістан әскерилері бастағанын" айтады. Оның сөзінше, Пәкістан билігі халық санағын "содырлардың Ауғанстанға енуіне көмектесу үшін пайдаланып отыр". Полицияның өзге баспасөз хатшысы халық санағын жүргізушілердің "шекараның Ауғанстан жағында жұмыс істегенін" айтады.

XS
SM
MD
LG