Accessibility links

Әскерилер, ҰҚК және ұлттық гвардия қызметкерлерінің жалақысы өсірілді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Отардағы әскери парад кезінде әнұран ойналғанда қолын төсіне қойып тұр. 7 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Отардағы әскери парад кезінде әнұран ойналғанда қолын төсіне қойып тұр. 7 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда биылғы жылдың екінші жартысынан бастап әскерилер, ұлттық қауіпсіздік комитеті және ұлттық гвардия қызметкерлерінің жалақысы өседі. Бұл туралы бүгін Ақордада Отан қорғаушылар күні қарсаңында бірқатар әскери қызметкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттау барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді деп хабарлайды «Қазақпарат».

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының және қарулы күштердің 25 жылдығының құрметіне орай мен қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік қызметінің, ұлттық гвардияның және мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын бірінші шілдеден бастап 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдадым» деген ол.

Назарбаев «мемлекет қиындықтарға қарамастан әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасын күшейту және жағдайларын жасау үшін барлық шараны қабылдап отырады» деп мәлімдеген.

Қазақстанда 1992 жылғы мамырдың 7-і күні президент жарлығымен қорғаныс жөніндегі мемлекеттік комитет Қазақстан қорғаныс министрлігі болып қайта құрылған. 2012 жылғы қазанда қабылданған заңға сәйкес, 7 мамыр мемлекеттік мереке күні болып жарияланған. Ертең Астанада осынау атаулы күнге арналған әскери парад өткізілмек.

XS
SM
MD
LG