Accessibility links

АҚШ Конгресі Sputnik агенттігіне аккредитация бермеді


АҚШ Конгресі ғимараты. (Көрнекі сурет.)
АҚШ Конгресі ғимараты. (Көрнекі сурет.)

АҚШ Конгресінің БАҚ өкілдерін тіркейтін пресс-галереясы ресейлік Sputnik ақпараттық агенттігіне баспасөз құралы ретінде рұқсат құжатын беруден бас тартты.

Пресс-галерея басшысы Джастин Уилсонның сөзінше, қандай да бір мемлекет қолдау білдіретін бұқаралық ақпарат құралына аккредитация берілмейді. Ол Sputnik агенттігі бұл шешімге байланысты шағым түсіре алатынын айтқан. Sputnik тілшісі Эндрю Файнберг бұл жағдайды «абсурд» деп атап, Конгрестің пресс-галереясы шешіміне шағым беруді жоспарлап отырғаны туралы хабарлаған.

Sputnik ақпарат агенттігі Ресейдің мемлекеттік "Россия сегодня" медиа тобының құрамына кіреді. Агенттік әлемде болып жатқан оқиғалар жайлы хабарлар таратады. Бұған дейін АҚШ-тың лауазымды қызметкерлері Sputnik агенттігін «ресейлік пропаганда таратып, өзге елдердегі саяси істерге араласады» деп бірнеше рет айыптаған. Ақпан айында Франция президенттігіне кандидат Эммануэль Макронның сайлау штабының өкілі де осындай айып таққан.

XS
SM
MD
LG