Accessibility links

Мәжіліс Азия даму банкінен жол жөндеуге қаржы алуды мақұлдады


Парламент мәжілісі, Астана (Көрнекі сурет).
Парламент мәжілісі, Астана (Көрнекі сурет).

Мәжіліс депутаттары бүгін Қазақстан мен Азия даму банкі (АДБ) арасындағы 240 миллион 300 мың доллар займ туралы келісімді ратификациялады. Қазақстан АДБ займын Ақтөбе - Мақат жолын қайта салуға, нақтырақ айтқанда ұзындығы 299 километрге жететін екі жолақты жол бөлігін жөндеуге жұмсамақ.

Мәжіліс комитетінің ұйғарымынша, келісім шарттары бойынша АДБ Қазақстанға займды жол бөлігін реконструкция жасауға, "оның ішінде техника мен жолға қызмет көрсету құрал-жабдықтары және техникалар беру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету" үшін береді. Жоспар бойынша, Ақтөбе - Атырау - Ресей шекарасы арасындағы жолдың Ақтөбе - Мақат арасындағы бөлігін реконструкция жасау "мемлекетаралық және сауда қатынастарын кеңейтуге мүмкіндік жасайды" және "Каспий маңы елдерінің Қытай, Ресей және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығына шығуына жол ашады". Себебі жол Батыс Қытай - Батыс Еуропа магистраліне қосылады.

Мәжілістің дерегінше, жол жөндеуге кететін шығын 273 миллион доллардан асады. Қазақстан бюджетінен 32 миллион доллар бөлінбек. АДБ-дан займ алу туралы келісім 2016 жылы 7 желтоқсанда Астанада жасалған. Займ Қазақстанға 18 жыл мерзімге беріліп отыр. Оның бес жарым жылын жеңілдікпен өтеу қарастырылған.

XS
SM
MD
LG