Accessibility links

Азаттық тілшісі "Журналистикадағы батылдық" халықаралық сыйлығын алды


Сәния Тойкен, Азаттық тілшісі
Сәния Тойкен, Азаттық тілшісі

"Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" Қазақ қызметінің тілшісі Сәния Тойкен Әйел журналистердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді.

Сәния Тойкен Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласынан хабар беріп жүріп кәсіби қызметі үшін бірнеше рет қудалауға ұшырады, қоқан-лоқы көрді. Халықаралық қордың баспасөз хабарламасында Сәния Тойкеннің 2010 жылдан бастап Қазақстан билігінің жіті назарына ілінгені, мұнай өндіру саласындағы құқықтарын талап етуші жұмысшылар туралы жазып келе жатқан тілші екені сипатталған.

2011 жылы Азаттық тілшісі Сәния Тойкен Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар ереуілінен хабар жеткізіп тұрған. Сол жылғы 16 желтоқсанда болған қанды оқиғадан кейін мұнайшылар қаласына кіріп, басын қатерге тіге жүріп, тұрғындардың ахуалы туралы репортаж әзірлеген аз тілшінің бірі Сәния болатын.

IWMF-тің жазуынша, 2012 жылы Сәния Тойкенді Атыраудағы пәтерінен шығару әрекеті жасалған, кейін отбасы мен достары да қыспаққа алынған.

2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсы халық толқуынан соң Сәния Тойкенді полиция Ақтау мен Жаңаөзенде бірнеше мәрте ұстап, қызметіне кедергі келтірген.

IWMF Қазақстанда журналистерді ұрып-соғу мен өлтіру оқиғалары жиілеп кеткенін жазады.

Сәния Тойкенмен қатар бұл беделді сыйлықты Таяу Шығыста жұмыс істейтін NPR радиотілшісі Дебора Амос пен "Әл-Жазира" телеарнасының йемендік репортері Хадеель Әл-Ямани алған.

Сәния Тойкен - бұл сыйлыққа лайық деп танылған алғашқы қазақстандық журналист әйел. Бұрынғы лауреаттардың ішінде Кристиан Аманпур (1994 жыл), Анна Политковская (2000 жыл), Хадиджа Исмаилова (2012 жыл) мен Анна Немцова (2015 жыл) сияқты медиа тұлғалар бар. Орталық Азиядан бұл сыйлықты қырғызстандық Замира Сыдыкова алған.

Азаттық тілшісі халықаралық сыйлық алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

XS
SM
MD
LG