Accessibility links

Әйелді Назарбаевтың суреттері жапсырылған үйін босатуға міндеттеді


Несіпкүл Ұябаеваның үйінің жанында тұрған полицейлер. Астана, 12 мамыр 2017 жыл.

Астана тұрғыны, жер телімі "мемлекетке қажет" деген себеппен алынатын Несіпкүл Ұябаева Азаттыққа бір апта ішінде үйін босататыны туралы қолхат жазып бергенін хабарлады. Әпкесі Раушан Ұябаеваға тиесілі үйде түске таяу сүруге келген сот орындаушылары әлі жүр. Сыртына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі-түсті суреттері жапсырылған үйдің жанында полиция қызметкерлері, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көлііктері тұр.

Несіпкүл Ұябаева бұған дейін 50 шаршы метр болатын үйін 2007 жылы салғандарын, үйде бауырлары бар, барлығы жеті адам тұрып жатқанын айтқан.

Азаттықтың трансляциясы:

"Жер телімімізді "мемлекет мұқтаждығына қажет" деген себеппен алу үшін 2014 жылдан бастап үйді босатуды талап ете бастады. Сол жылы өтемақы ретінде 400 доллар ұсынған. Ал биыл 4 миллион 700 мың теңге ұсынды. Мұндай ақшаға пәтер сатып ала алмаймыз. Құдайдан да қорықпайтын шенеуніктер тым болмаса президенттен қорқатын шығар деген оймен президенттің суретін жапсырып қойдық" деген Несіпкүл Ұябаева. Ұябаевалар Астанадан өздеріне екі бөлмелі пәтер беруін талап етеді. Несіпкүл Ұябаева үйін сүргені үшін берілетін өтемақыны алмағанын, өзіне қаржының банктегі есепшотына аударылғанын хабарлағанын, бірақ отбасы ол қаржыны алудан бас тартқанын айтады.

Несіпкүл Ұябаева, Астана тұрғыны. 12 мамыр 2017 жыл.
Несіпкүл Ұябаева, Астана тұрғыны. 12 мамыр 2017 жыл.

Ұябаевалардың үйіне келген Астана әкімдігі жанындағы "Қалалық жылжымайтын мүлік" мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бастығы Александр Строчков Ұябаеваның жер телімі мемлекет мұқтаждығына қажетін айтты. Оның сөзінше, Ұябаевалардың қаладан өздеріне пәтер беру туралы талабы орынбалмайды.

- Бұл - саяжайдағы үй. Иә, оларда өздері айтып тұрғандай паспорты бар, бірақ ол жылжымайтын мүліктің паспорты. Олар осында тіркелген, бірақ бұл тіркеу регистрациясы, ол нысанға тұрғын үй құқығын бермейді. Соттың шешімі шыққан, ол орындалуы тиіс, - деді Строчков сот Раушан Ұябаеваның меншік құқығы жойғанын айтты.

Қалалық сот актілерін орындау департаментінің өкілі Ердәулет Болысбеков Ұябаеваларға үйін өз еркімен босатып беруін сұрап бірнеше рет ескерту жасалғанын айтты. Ол журналистердің сот шешімін іске асыру туралы құжатын көрсету өтінішінен бас тартты.

Александр Строчков Несіпкүл Ұябаеваға мемлекет басшысының суреттері "ереже мен тәртіпке сай орналастырылуы тиіс" екенін айтып, үйдің сыртына жабыстырылған Назарбаевтың суреттерін алып тастауды сұраған. Бірақ Ұябаева оны орындаудан бас тартты. Журналистер Строчковтан үйдің сыртындағы Назарбаевтың суреттерін не қылатыны туралы сұраған. Ол "Этикет пен заң аясында қимылдаймыз" деді.

Несіпкүл Ұябаева журналистерге биліктің әрекетін заңсыз деп білетінін, бірақ оған қарсы тұра алмайтынын мәлімдеді.

"Майский" деп аталатын бұрынғы саяжай серіктестігі қала аумағына енген. 2015 жылы Астана билігі Азаттыққа берген жауабында бұл саяжайлар серіктестігінің орнына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған балабақша салу жоспарланғанын айтқан.

Назарбаевтың 91 суреті жапсырылған үй (10 мамыр 2017 жыл)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG