Accessibility links

Астанада Назарбаевтың 91 суреті жапсырылған үйді бұзды


Сот орындаушылар техникасы Ұябаевалардың үйлерін бұзып жатыр. Астана, 12 мамыр 2017 жыл.
Сот орындаушылар техникасы Ұябаевалардың үйлерін бұзып жатыр. Астана, 12 мамыр 2017 жыл.

Астанада сот орындаушылар жер телімі "мемлекетке қажет" деген себеппен алынған Несіпкүл Ұябаева мен бірнеше туысы тұрып жатқан үйді бұза бастады.

Несіпкүл Ұябаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, ол қазір қала билігі өтемақысын алғанша уақытша тұруға берген баспанаға - жылжымайтын мүлік орталығы мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарасты 28 шаршы метрлік жатақханаға көшіп барған.

Несіпкүл Ұябаеваның әпкесі Раушан Ұябаеваға тиесілі бұл үйді сүруге сот орындаушылары 12 мамырда түске таяу келген. Олармен бірге полиция мен жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметкерлері де болған.

Тұрғындар 10 мамырда бұл баспананы босатудан бас тартып, үйдің сыртқы қабырғасына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі-түсті суреттері жапсырып тастаған еді.

- Жер телімімізді "мемлекет мұқтаждығына қажет" деген себеппен алу үшін 2014 жылдан бастап үйді босатуды талап ете бастады. Сол жылы өтемақы ретінде 400 доллар ұсынған. Ал биыл 4 миллион 700 мың теңге ұсынды. Мұндай ақшаға пәтер сатып ала алмаймыз. Құдайдан да қорықпайтын шенеуніктер тым болмаса президенттен қорқатын шығар деген оймен президенттің суретін жапсырып қойдық, - деген Несіпкүл Ұябаева.

12 мамырда үйді бұзған сот орындаушылары басқа қабырғаларды қиратқанымен, президент Назарбаевтың суреті жапсырылған қабырғаны құлатқан жоқ.

Ұябаевалар тұрып жатқан "Майский" деп аталатын бұрынғы саяжай серіктестігі қала аумағына енген. Ол саяжай массивіндегі үйлерді сүру туралы сот шешімін Есіл аудандық соты 2014 жылы шығарған. 2015 жылы Астана билігі Азаттыққа берген жауабында бұл саяжайлар серіктестігінің орнына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған балабақша салу жоспарланғанын айтқан.

Несіпкүл Ұябаева үйлерін сүргені үшін берілетін өтемақыны алмағанын, өзіне қаржының банктегі есепшотына аударылғанын хабарлағанын, бірақ отбасы ол қаржыны алудан бас тартқанын айтқан. Ұябаевалар 2007 жылы салған, қазір жеті адам тұрып жатқан 50 шаршы метр үйі мен жердің ақысына Астанадан екі бөлмелі пәтер беруін талап еткен.

AzatNEWS 12.05.2017
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:19:07 0:00

XS
SM
MD
LG