Accessibility links

Киев: Донбаста атыс барысында төрт бейбіт тұрғын мерт болды


Авдеевка қаласы маңындағы жерде жүрген украиналық сарбаз. Донецк облысы. 23 ақпан 2017 жыл.
Авдеевка қаласы маңындағы жерде жүрген украиналық сарбаз. Донецк облысы. 23 ақпан 2017 жыл.

Украинаның Донецк облысындағы Авдеевка қаласында ресейшіл сепаратистердің атқылауы салдарынан төрт бейбіт тұрғын қаза тауып, ауыр жараланған бір ер адам ауруханаға түскен деп хабарлайды үкімет жағы. Оқиға сенбі күні кешке болған. Ересектермен бірге балалар да болған жеке меншік үйдің ауласына снаряд түскен. Ол адамдар зардап шекпеген. Украиналық құқық органдары бұл оқиғаны «теракт» деп атаған. Украинаның шығысындағы Донецк облысының бір бөлігін бақылауында ұстап отырған ресейшіл сепаратистер Авдеевкадағы үйді атқылауды - «украиналық үкімет күштерінің тарапынан жасалған арандату» деп мәлімдеген.

Донбаста соңғы тәулікте сепаратистер тарапынан 60-тан аса рет оқ атпау режимі бұзылған. Украиналық төрт сарбаз жараланған. Сепаратистер бұл атысқа Киевті айыптайды. Олардың мәліметі бойынша, үкімет әскері Донецк облысы Каштановое кенті бағытына оқ жаудырып, салдарынан бір егде әйел жараланған. Украиналық әскерилер атысы кесірінен Донбаста бірнеше елді мекен сусыз және газсыз қалды дейді сепаратистер. Бұл мәліметті тәуелсіз немесе ашық дереккөздерден растау әзірше мүмкін болмай отыр.

Донбаста үш жылға жалғасқан қарулы жанжал салдарынан екі мыңға жуық бейбіт тұрғын мен екі жарым мыңнан аса украин әскериі қаза тапқан. Киев және батыс елдері сепаратистерді қару-жарақ беріп қолдап отыр деп Ресейді айыптайды. Мәскеу ол айыптауды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG