Accessibility links

Қытай ынтымақтастықтың жаңа моделін құруға шақырды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 14 мамыр2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 14 мамыр2017 жыл.

Қытай президенті Си Цзиньпин Азия мен Еуропада террорға қарсы күрестен бастап қаржы саясатына дейінгі түрлі салада бұрынғыдан да тығыз ынтымақтастыққа шақырды. Ол бұл туралы Пекинде 29 елдің басшыларының қатысуымен өтіп жатқан «Бір белдеу - бір жол» халықаралық экономикалық форумында мәлімдеген. Ғаламдық деңгейде сауда-саттықты дамытып, геосаяси ықпалын ұлғайтқысы келетін Қытай «Ұлы жібек жолын» қайта жаңғыртуға бағытталған жобаларға ауқымды қаржы бөлуге ынта білдіріп отыр.

Пекин теңіз порттары, темір жол, көлік жолы және индустриалдық парктер арқылы Қытайды Африка, Азия және Еуропамен байланыстыратын бұл бастамаға 124 миллиард доллар бөлуге уәде етіп отыр.

Арасында Ресей президенті Владимир Путин, Түркия президенті Режеп Ердоған және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар ондаған шетелдік мемлекет жетекшілері алдында сөйлеген сөзінде Қытай басшысы бұл «әлемге қытай ықпалын арттыруды» көздейтін жоспар еместігіне батыс дипломаттарын сендіруге тырысты. Оның сөзінше, Қытай «Бір белдеу - бір жол» жобасы арқылы «дұшпандар арасындағы ойынның ескі сүрлеуімен» жүруді емес, ынтымақтастық пен өзара тиімділіктің жаңа моделін құруды ұсынады. Сонымен бірге Си Цзиньпин сөзінде ғаламдастыруды қорғап сөйледі, бұл халықаралық сауда мен қарым-қатынастарда «Американы алға шығаруға» уәде еткен АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзіне қарата сырттай айтылған уәж тәрізді естілді.

Пекинде жексенбіде ашылған «Бір белдеу - бір жол» экономикалық ынтымақтастық форумының жұмысы екі күнге жалғасады. Жиынға БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард және Дүниежүзілік банктің президенті Джим Ён Ким, шетелдік мемлекет және үкімет жетекшілері, халықаралық ұйымдар басшылары - барлығы 1,2 мыңнан аса адам қатысып отыр.

XS
SM
MD
LG