Accessibility links

Департамент: Есіргеповті жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырады


Журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргепов Жамбыл облыстық соты ғимараты алдында тұр. Тараз, 28 шілде 2016 жыл.
Журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргепов Жамбыл облыстық соты ғимараты алдында тұр. Тараз, 28 шілде 2016 жыл.

Жамбыл облысының Шу қаласында әлдекім пышақ сұғып, ауруханаға түскен журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргеповтің жағдайы қалыпты деп хабарлады Азаттыққа Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметінен.

Департамент ақпаратына қарағанда, Есіргеповке Шу қалалық ауруханасында кеше операция жасалған, бүгін есін жиған. "Қазір оны жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырады. Пышақ ішкі органдарын зақымдамаған" деді департаменттің баспасөз қызметкері Шолпан Тайжанова.

"Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық қоры басқармасының төрағасы 61 жастағы Рамазан Есіргепов мамырдың 14-і күні Алматыдан шыққан жолаушылар пойызымен Жамбыл облысындағы Шу қаласына жете бергенде шабуылға ұшыраған. Біреу оған пышақ сұғып, ауыр жарақаттаған. Ішкі істер министрлігі Азаттыққа Есіргеповке шабуыл жасалғанына қатысты ақпарат беру үшін жазбаша сауал жолдауды сұрады.

Әріптестерінің айтуынша, Есіргепов "БТА Банктен" ұрланған ақшаны газет арқылы заңдастырмақ болған" деген айып бойынша қазір Алматының тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ісі туралы, сонымен бірге кезінде сотты болған өзін ақтауға қатысты БҰҰ адам құқығы комитеті негізді деп таныған, бірақ Қазақстан соты қанағаттандырудан бас тартқан шағымы жөнінде Еуропа одағына мүше кей елдердің елшілері мен халықаралық сарапшыларға жолығып, сөйлесу үшін Астанаға кетіп бара жатқанда зардап шеккен.

​Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталып, жаза мерзімін түрмеде толық өтеген.

XS
SM
MD
LG